"Ибраһим келісімі" деген не? Қазақстан келісімге неге қосылды? Түсіндіреміз

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) Вашингтонда кездескен сәт. 6 қараша 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапарында Астана Ибраһим келісіміне қосылғанын мәлімдеді. Бұл қандай келісім?

КЕЛІСІМДЕ ҚАНША ЕЛ БАР?

6 қарашада Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьері Беньямин Нетаняхумен телефон арқылы сөйлесті. Осыдан соң Қазақстан президенті Астана Ибраһим келісіміне қосылғанын айтты.

Ибраһим келісімі Израиль мен Араб елдерінің қарым-қатынасын реттеуді көздейді. 2020 жылы Трамптың бірінші президенттік мерзімінде Ақ үйде Израиль, Бахрейн, БАӘ осы келісімге қол қойған. Артынша келісімге Марокко қосылды.

Бахрейн, БАӘ және Израиль Трамптың бастамасымен Ибраһим келісіміне қол қойған сәт. Вашингтон. 15 қыркүйек 2020 жыл.

Ибраһим келісіміне қол қойған араб елдері Израильді мемлекет деп мойындап, дипломатиялық қарым-қатынас орнатады. 2020 жылға дейін араб елдері арасынан Египет пен Иордания ғана Израильді ел деп таныған еді. Ал Сауд Арабиясы, Катар, Алжир және басқа да араб елдері Палестина мемлекеті құрылмайынша Израильді мойындамаймыз деп отыр. Қазір Израиль азаматтары Ибраһим келісімінде жоқ араб елдеріне және Иран, Индонезия, Бруней сынды мұсылман елдеріне кіруі қиын.

New York Times газетінің жазуынша, бұл келісімге қол қойылмай тұрғанда БАӘ мен Израиль арасында ешқандай байланыс болмаған, тіпті телефон байланысы жоқ еді. Келісімнен соң екі ел арасында туризм мен инвестиция артып, рейс ашылды. Мароккоға келетін израильдік туристер де көбейген. АҚШ Африкадағы даулы Батыс Сахара аймағы Марокконың жері деп мойындаған соң ғана Рабат Ибраһим келісіміне қол қойған еді.

2021 жылы Африкадағы Судан елі келісімнің жалпы декларациясын қабылдаған, бірақ бұл елде әскери төңкерістер азаматтық соғысқа ұласып, толық келісімге қол қойылмады.

ҚАЗАҚСТАН КЕЛІСІМГЕ НЕГЕ ҚОСЫЛДЫ?

Қазақстан - бұл келісімге кейінгі бес жылда қосылған алғашқы ел және Орталық Азиядан қол қойған бірінші мемлекет. Дегенмен Қазақстан Израильді де, Палестинаны да 1992 жылы мемлекет деп мойындап қойған.

Сарапшылар Қазақстанның келісімге қосылуы Астананың Вашингтонмен қарым-қатынасты дамытуға жасаған қадамы деп бағалайды.

"Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан Қазақстан серіктестерінің санын арттырғысы келеді. Яғни, Астана АҚШ және Еуропамен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысып жатыр. Бұл елдің Ибраһим келісіміне қосылуы – Вашингтонның назарын аударып, АҚШ-тың мемлекеттік ведомстволары мен жеке секторын Қазақстанға экономикалық тұрғыдан шақыруға жасалған прагматикалық қадам" деп жазды Вашингтондағы Атлант кеңесінің Еуразия орталығы директорының орынбасары Эндрю Д’Аниери.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вольфрам кеніші, Boeing ұшағы һәм Ибраһим келісімі. Ақ үйдегі саммит Астана үшін қалай аяқталды?

Вашингтондағы Йорктаун институты жанындағы "Тұран" зерттеу орталығының директоры Джозеф Эпштейннің Азаттыққа айтуынша, Қазақстанның бұл қадамы ілтипат іспетті болғанымен, алдағы дипломатиялық қарым-қатынаста бұл оған басымдық бермек.

"Астананың Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімі жаңа кезеңнің көрінісі болып, бұл келісімді Таяу Шығыстағы бейбітшілік бастамасынан толеранттық пен өркендеуге бағыт алған ұстамды мұсылман елдердің америкашыл коалициясына айналдырады" дейді ол.

БҰЛ БЕЙБІТ КЕЛІСІМ БЕ?

Ибраһим келісімі – ешқандай да бейбіт келісім емес. Бұл құжат Таяу Шығыстағы қақтығыстарға ешқандай әсер етпеді. Бірақ Израильдің Газа секторына шабуылы басқа елдердің Ибраһим келісіміне қол қоюын қиындатып жіберді.

АҚШ араб әлеміндегі ықпалды ел Сауд Арабиясының да бұл құжатқа қосылғанын қалайды. Бірақ Эр-Рияд Палестина мемлекеті құрылғанда ғана Израильді мойындайтынын мәлімдеген.

Израиль премьері Беньямин Нетаньяху, АҚШ президенті Дональд Трамп және Бахрейн, БАӘ сыртқы істер министрлері келісімді қабылдаған сәт. 15 қыркүйек 2020 жыл.

Келісімнің атауы Құран мен Библияда аталатын Ибраһим пайғамбардың құрметіне қойылған.

Алдағы уақытта бұл құжатқа Орталық Азия, Кавказ елдері, соның ішінде Өзбекстан мен Әзербайжан да қосылуы мүмкін.

Reuters, New York Times, Ақ үйдің ақпараттары негізінде дайындалды.