Вольфрам кеніші, Boeing ұшағы һәм Ибраһим келісімі. Ақ үйдегі саммит Астана үшін қалай аяқталды?

"Орталық Азия – АҚШ" саммиті. Вашингтон, 6 қараша 2025 жыл.

Орталық Азия басшыларымен саммит өткізген АҚШ президенті Дональд Трамп аймақ басшыларымен сауда, дипломатия және минералды ресурстар жөнінде қандай келісімдер жасалғанын айтты.

"C5+1" саммитіне мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен вице-президент Джей Ди Вэнсті алып кірген Трамп АҚШ-тың Орталық Азиямен қарым-қатынасы бұрынғыдан да берік етуге ниетті екенін мәлімдеді. Ал аймақтан барған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан президенттері қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғанына ризашылық білдірді.

Ресми кешкі астың алдында Астана мен Вашингтон Қазақстандағы вольфрам кен орнын игеру жөнінде келісім жасасқанын мәлімдеді. Бұл кен орны әлемдегі ең ірі игерілмеген вольфрам кен орындарының бірі саналады.

Келісім аясында америкалық Cove Kaz Capital Group компаниясы Қазақстанның мемлекеттік тау-кен холдингімен бірлескен кәсіпорында 70 пайыздық үлеске ие болады. Мәміле құны 1,1 миллиард долларға бағаланып отыр. АҚШ Экспорттық-импорттық банкі (Export-Import Bank) жобаны 900 миллион доллар көлемінде қаржыландыруға қызығушылық білдіретін хат жолдап қойды.

Сондай-ақ саммитте Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан әуе компаниялары 37 Boeing ұшақтарынсатып алу жөнінде әлі толық бекітілмеген келісім жасасқан. Оның ішінде қазақстандық Air Astana 15 Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын алуға ниет білдірген. Қазір бұл компанияда Boeing 767 ұшағы қызмет етеді дейді Рейтер агенттігі.

Саммит алдында Қазақстан мен АҚШ басшылары жеке кездескен. Ақорданың хабарлауынша, тараптар құны 17 млрд доллар болатын келісімге қол қойған.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуі. Вашингтон, 6 қараша 2025 жыл.

Сонымен қатар Қазақстан Ибраһим келісімдеріне (Авраам) қосылуға ниет білдірді. АҚШ бастамашыл болған бұл келісім Израиль мен Араб елдері, мұсылман елдері әріптестігін нығайтуға бағытталған.

АҚШ лауазымды тұлғалары саммит АҚШ Орталық Азиямен қарым-қатынасты тұрақты етуге берік екенін көрсетеді деп мәлімдеді.

"Біз әдетте дағдарыс пен қиындықтарға көп уақыт бөлгеніміз сонша – бұл мәселелер назар аударарға тұрарлық – кейде керемет жаңа мүмкіндіктер назардан тыс қалап жатады" деді мемлекеттік хатшы Марко Рубио 6 қараша күні Орталық Азия басшыларымен бірге өткен таңғы аста ұлттық мүдделер сәйкес келетін жаңа мүмкіндіктер жайлы айтып.

АҚШ ПЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ТАРАУ

Орталық Азия АҚШ-пен әріптестігін тереңдету арқылы Қытай мен Ресейдің сауда және қауіпсіздік саласындағы ықпалына тәуелді болып қалмаудың жолын іздеп отыр.

Вашингтондағы саммитке дейін Орталық Азия басшылары осы форматта өзге алпауыт мемлекеттермен де кездесу өткізген. Қыркүйекте Душанбеде Ресей президенті Владимир Путинмен, маусымда Астанада Қытай басшысы Си Цзиньмен жиын өткізді.

Ал сәуірде Өзбекстанда "Орталық Азия – Еуроодақ" саммиті өтіп, аймақтағы сирек минералдарға инвестиция құю мәселесі талқыланды.

Вашингтонда жер бетінде сирек кездесетін осы 17 элементке басымдық берді. Жел турбиналарынан бастап смартфон мен жойғыш ұшақтарға дейін қолданылатын бұл минералдар қоры Орталық Азияда мол саналады. АҚШ сондай-ақ энергияның экологиялық көздеріне көшуге мүмкіндік беретін уран, мыс, алтын және өзге де стратегиялық металдар қорына қызығушылық танытты.

Қазақстанмен вольфрам жөнінде келісім жасаған Cove Kaz Capital Group компаниясының бас директоры Пини Альтхаус бұл келісімді "Америка ұрпағының минералдарға деген мұқтаждығын өтеу жөніндегі жеңісі" деп атады. Рейтер агенттігіне берген сұхбатында ол бұл келісімді жасауға Трамп пен АҚШ сауда министрі Говард Латник көмектескенін, осылайша олар стратегиялық кен орнының Қытай компанияларына өтуіне жол бермегенін айтты.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СИРЕК МИНЕРАЛДАР ҚОРЫ

Лондондағы PRISM талдау орталығының жетекшісі Бен Годвиннің Азаттыққа айтуынша, саммитте минералды байлыққа басымдық берілгені — аймақ басшыларының Вашингтон назарын аударту стратегиясы.

"Орталық Азия елдері сирек кездесетін пайдалы қазбалар тақырыбын өздері үшін маңыздырақ — аймақ пен жергілікті экономикаларға әсер ететін басқа мәселелер бойынша АҚШ-пен көбірек ынтымақтастық орнату тетігі ретінде пайдаланып отыр" деді ол.

"2000 жылдары бұл терроризмге қарсы соғыс, мұнай және газ еді. Одан кейін декарбонизация дәуірі келіп, Орталық Азиядағы көптеген жаңа жобалар қалпына келетін энергия көздеріне басымдық берді" деді Годвин Азаттыққа. "Ал қазір әңгіме ұлттық қауіпсіздіктегі сирек минералдар рөлі жайлы".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытай сирек металға шектеу қоймағанда саммит болмас еді"

Бұл келісімдер Пекин мен Вашингтон арасындағы сауда соғысындағы уақытша бітімнен кейін, АҚШ пен Қытай арасында сирек кездесетін элементтерді экспорттау үшін күшейіп жатқан бәсекелестік аясында жасалды. Бұл сирек элементтер олардың сауда келіссөздеріндегі негізгі келіспеушілік көзі болып отыр.

Сауда соғысы аясында Қытай сирек минералдар экспортына шектеу қойған еді. Бірақ қазан айында Трамп пен Си кездескен соң, Пекин шектеуді бір жылға тоқтататын болды.

Вашингтон қазір сирек металдар мәселесінде Қытайға балама көздерді іздеп жатыр. Жердегі барланған сирек минералдардың 70 пайызына иелік ететін Қытай бұл минералдар өндірісінің 90 пайызын бақылап отыр. Орталық Азия елдері жаңа инвестиция осы қорларды игеруге көмектеседі деп үміттенеді.

"Аймақтағы тау-кен өндірісі, өңдеу және логистикалық желілерде Қытай мен Ресей капиталы басымдық етеді" делінген Вашингтонда орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) жаңа баяндамасында. Авторлардың айтуынша, Батыс бағытындағы тасымал жолдарының кенже дамығаны секілді инфрақұрылымдық кедергілер Батыс инвестициясын тежеп отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп және Орталық Азия басшылары. Сарапшылар саммиттен не күтеді?

Трамп әкімшілігі 6 қарашада АҚШ экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды деп саналатын минералдар тізіміне тағы 10 элемент қосты. Олардың қатарында электр көліктері, энергия желілері мен деректер орталықтары үшін қажет мыс, сондай-ақ болат өндірісінде коксты отын ретінде пайдаланылатын металлургиялық көмір де бар.

ҚАЗАҚСТАН ИБРАҺИМ КЕЛІСІМДЕРІНЕ ҚОСЫЛМАҚ

Ибраһим келісімдері Трамптың алғашқы президенттік мерзімінің маңызды жетістігі саналады. Сыртқы саясаттағы осы бастамасын жандандыруды көздеп отырған Ақ үйге Қазақстанның бұл ұсынысы ұнап отыр.

Ибраһим келісімдері Израиль мен мұсылман әлемі арасындағы қарым-қатынасты реттеу амалы ретінде әзірленген. Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко құжатқа 2020 жылы қол қойды. Түрлі көздердің хабарлауына қарағанда, Трамп осы бастаманы ұлғайтуға ниетті. Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманның 18 қарашаға белгіленген Вашингтонға сапарында осы бастама негізгі тақырып болмақ.

Ақ үйдегі екіжақты кездесу барысында Трамп пен Тоқаев Израиль премьер-министріне қоңырау шалып, Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғысы келетінін айтқан. Бірақ Қазақстан онсыз да Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасын жолға қойған.

"Қазақстан – менің екінші мерзімімде Ибраһим келісімдеріне қосылған алғашқы мемлекет. Бұл – әлем бойынша көпірлер салуға бағытталған маңызды қадам. Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеуді қалайтын елдер кезекте тұр. Жақында қол қою салтанатын жариялаймыз" деді Трамп Truth Social желісінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ибраһим келісімі" деген не? Қазақстан келісімге неге қосылды? Түсіндіреміз

Вашингтондағы Йорктаун институты жанындағы "Тұран" зерттеу орталығының директоры Джозеф Эпштейннің Азаттыққа айтуынша, Қазақстанның бұл қадамы ілтипат іспетті болғанымен, алдағы дипломатиялық қарым-қатынаста бұл оған басымдық бермек.

"Астананың Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімі жаңа кезеңнің көрінісі болып, бұл келісімді Таяу Шығыстағы бейбітшілік бастамасынан толеранттық пен өркендеуге бағыт алған ұстамды мұсылман елдердің америкашыл коалициясына айналдырады" дейді ол.