Түркия геноцид бойынша айыпталған Израиль премьерін тұтқындауға ордер берді

Биньямин Нетаньяху

Стамбулдың бас прокуратурасы 37 израильдік саясаткер мен әскери қызметкерді тұтқындау туралы ордер берді. Арасында Газа секторында әскери қылмыс және геноцид жасады деп айыпталған Израильдің премьері Биньямин Нетаньяху да бар. Бұл жөнінде Daily Sabah жазды.

Тергеу амалдары Израиль әскерінің Газаға жасаған соққысына қатысты. Түркия жағының мәлімдеуінше, соның салдарынан 68 мыңнан астам палестиналық қаза болған, басым бөлігі - әйелдер мен балалар.

Стамбул адвокаттар алқасының төрағасы Ясин Шамлының мәлімдеуінше, Израиль "геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыс және халықаралық келісімдердің бұзылуына жауапты". Шамлының айтуынша, мұндай қылмыстық істердің мерзімі бітпейді және Түркия ұлттық сотының юрисдикциясына кіреді.

Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар Анкараның әрекетін "тиран" Режеп Ердоғанның "пиар-қадамы" деп атады. Израиль министрінің айтуынша, түріктің сот жүйесі "саяси оппоненттерді басудың құралына" айналған.

Бұған дейін Халықаралық қылмыстық соты 2023 жылдың қазаны мен 2024 жылдың мамыр аралығында әскери және адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыпталған Нетаньяхуды тұтқындауға ордер берген. Израиль бұл шараларды антисемитизмнің белгілері деп бағалады.

Израиль 2023 жылы 7 қазанда Газа секторында әскери операция бастаған. Ол кезде палестиналық террористік топтар Израильдің оңтүстігіне шабуылдаған. Соның нәтижесінде мыңнан астам адам қаза болған, 250-ден астам адам кепілдікке алынып, Газаға әкетілген. Тұтқындардың бір бөлігі келісім нәтижесінде босатылды.

Қарулы топтар ұстаған соңғы 20 адам АҚШ президенті Дональд Трамптың араласуымен Израиль мен ХАМАС тобы арасында жасалған келісім нәтижесінде 2025 жылы 13 қазанда босатылды.

Израильді Газа секторындағы бейбіт халыққа шабуылдады деп айыптайды. Израиль билігі мұны жоққа шығарып, операцияның мақсаты жиһадшыларды жою болғанын айтқан. Ал Тель-Авив ХАМАС пен өзге де қарулы топтарды бейбіт халықты "тірі қалқан" ретінде пайдаланды, "тұрғын үй кешендеріне әскери инфрақұрылымын орналастырды" деп айыптайды.