2019 жылғы мамырда Пентагонның басты барлау қызметінің директоры Ресейдің ядролық бағдарламасы жөнінде мәлімдеме жасап, Мәскеу атом бомбасын сынақтап өткізіп жатыр деді.
"АҚШ өкіметі, соның ішінде барлау қызметтері Ресей ядролық қуаттың бөлінуіне әкелген ядролық қару сынақтарын өткізді деген қорытындыға келді" деді генерал-лейтенант Роберт Эшли сол кезде.
Эшли осы мәлімдемесінде Пекинді сөз етті. Оның айтуынша, Қытай да өз сынақтарын өткізген, бірақ олар атом бомбасын жармайтын, яғни тізбекті бөліну реакциясы болмайтын әдісті таңдаған.
Генерал-лейтенанттың бұл сөзінен алты жыл өткенде АҚШ пен Ресей қарулану жарысын қайта бастайтын мәлімдемелер жасауға көшті. Кремль ядролық қару тасымалдауға қабілетті жаңа жойқын қару түрлерін әзірлеп жатқанын айтып мақтанса, президент Дональд Трамп АҚШ ядролық сынақ өткізуді қайта қолға алатынын айтып сес көрсетті.
"Ресей де сынап жатыр, Қытай да сынап жатыр, бірақ олар бұл туралы айтпайды" деді Трамп 31 қазан күні CBS News-ке берген сұхбатында. "Жоқ, біз де сынаймыз, өйткені олар да, өзгелер де сынап жатыр".
5 қараша күні ол осы сөзін қайталап, "өзге елдер бағдарламаларын сынақтан өткізіп жатқандықтан, мен Соғыс министрлігіне (Трамп биыл қыркүйекте Қорғаныс министрлігіне осындай қосалқы атау берген – ред.) ядролық қаруымызды тең дәрежеде сынақтан өткізуді бастауды тапсырдым" деді.
Ресей мен Қытай сынақ өткізіп жатыр деген мәлімдеме әлі толық дәлелденбеген даулы тақырып күйі қалып отыр.
Трамптың бұл сөзі Мәскеуге ұнамағанымен, АҚШ ұлттық қауіпсіздігінің "сұңқарлары" (агрессияшыл саясатты қолдайтын шенеуніктер) қуанып қалды. Ал қару-жарақты шектеуді қолдайтындар наразылық танытты.
Your browser doesn’t support HTML5
"Буревестник" қандай ракета?
Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісім, Зымыранға қарсы қорғаныс туралы шарт, "Ашық аспан" келісімі және Стратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қысқарту және шектеу шарты (СНВ-3) сияқты қаруды шектеу жөніндегі келісімдердің жойылуынан не әлсіреуінен кейін сарапшылар ендігі кезекте ядролық сынақтарға тыйым салатын жаһандық келісім де бұзылуы мүмкін деп алаңдап отыр.
Ресей қауіпсіздік кеңесінің 5 қарашадағы отырысында қорғаныс министрі Андрей Белоусов Арктикадағы "Новая земля" полигонында ядролық сынақтарды қайта бастауға дайындалу керек деді.
ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ
АҚШ соңғы рет уран немесе плутоний изотоптарын жарып, "бөліну" деп аталатын ядролық тізбекті реакцияны тудырған сынақты 1992 жылы Невададағы шаңды шөлейт жерде өткізген. Бұл киноларда көрсетілетін саңырауқұлақ тәрізді бұлтпен шыққан жарылыс емес еді — ондай сынақтарға 1960-жылдары жасалған келісімнен кейін тыйым салынған. Ол жер астында жасалған жарылыс болатын.
Мәскеу ядроны бөлетін сынағын 1990 жылы "Новая земля» полигонында, Совет одағы құлдырардан бір жыл бұрын өткізді. Пекин өз сынағын 1996 жылы Шыңжаң өлкесіндегі Лоп-Нұрда жасаған.
Сол жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ) қабылданды. Содан бері ядролықтан жарылысты Пәкістан мен Үндістан және Солтүстік Корея ғана жасаған. Пхенъян мұндай сынақты бірнеше рет өткізді. Кейінгісі 2017 жылы болған.
Ресей биылғы Жеңіс парадында да өз арсеналын паш етті.
Жалпы алғанда, ядролық жарылыс жасалатын сынақтарды анықтау салыстырмалы түрде оңай.
Жер сілкіністерін бақылайтын жоғары сезімтал сейсмикалық құралдар жер астындағы жарылыстардан тарайтын соққы толқындарын тіркей алады. 1960 жылдардағы келісімнен соң атом бомбалары көбіне жер астында сыналатын болды. Сондай-ақ ядролықты сынақты ауадан радиоактивті изотоптарды қағып алатын барлау ұшақтары да анықтай алады. Атмосферадағы радиоактивті изотоптар – атом бомбасы жарылғанының айқын дәлелдерінің бірі.
СЫНАҚТАРДЫҢ ҚАУІП ДЕҢГЕЙІ
Қырғи-қабақ соғыс пен АҚШ-СССР қару-жарақ жарысы аяқталған соң, ядролық арсенал азайтылып, атом бомбасын жасауға және сынауға арналған бюджет пен инвестиция қысқарды.
Алайда ядролық мемлекеттер қолдарындағы қару қажет кезде іске жарайтынына көз жеткізіп тұруы қажет. Сол себепті сынақтар жалғасып тұрды. Бірақ фильмдердегідей саңырауқұлақ пішіндес бұлт жасайтын жарылыс емес, қаупі төмен сынақтар өткізілді.
ЯСЖТШ келісімі бөліну реакциясы болмайтын қауіпсіз сынақтарға рұқсат береді. Зерттеушілер суперкомпьютерлер мен қуатты лазерлердің көмегімен бөліну реакциясына имитация жасайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Совет одағы әлемдегі ең жойқын қаруды қалай жасаған?Енді Трамп қаупі жоғары ядролық жарылыс сынағын меңзеп отыр. Ол бұл сөзін Оңтүстік Кореяда Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездесердің алдында мәлімдеген. Кейін бұл ұстанымын CBS News-ке берген сұхбатында тағы білдірді.
АҚШ осыған дейін Невададағы сынақ алаңында қаупі орташа сынақтарды өткізіп келген. Бірақ толыққанды жарылыстан тұратын сынақты бірден өткізу мүмкін емес.
"АҚШ сынақты санаулы күнде не аптада өткізе алмайды. Сынақтың түрі мен ерекшелігіне қарай оған айлар немесе жылдар кетуі мүмкін" деді Нью-Мексикодағы Сандия ұлттық зертханаларының бұрынғы директоры және АҚШ ядролық арсеналының сақталуы мен сынақтарын басқаратын Ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасының (NNSA) бұрынғы басшысы Джилл Хруби.
NNSA қызметін қадағалайтын энергетика министрі Кристофер Райт кейінірек Трамптың мәлімдемесін тарқата түсті.
"Меніңше, біздің айтып отырғанымыз жүйенің сынақтары" деді Райт 2 қараша күні Fox News-ке берген сұхбатында. "Бұл дегеніңіз ядролық жарылыс емес. Оны қауіпсіз жарылыс деп атаймыз".
Хруби толыққанды сынаққа көшудің қажеті жоқ деп санайды. Оның сөзінше, бұрынғы жерасты жарылыстарынан қалған мағлұмат, зертханадағы сынақ және қауіпсіз жарылыс деректері жеткілікті.
"Оның үстіне, егер біз сынақты бастасақ, басқалардың сынақты қайта қолға алатыны анық" деді ол. "Сынақтар қайта басталса, қарудың жаңа түрлері ашылып, қару-жарақ жарысы үдей түсуі мүмкін деп ойлаймын".
"Қорытқанда, сынақтың өзі қауіпсіз болғанымен, төтенше жағдайлар болып қалуы ықтимал. Толыққанды ядролық сынақ қоршаған орта мен адамзатқа пайдалы емес дегенге көбі келіседі деп ойлаймын".
ҚАУІПТІ СЫНАҚТАР
Сәуірде АҚШ мемлекеттік департаменті қару-жарақты бақылау келісімін ұстанатын елдер жөніндегі есебін жариялады. Есепте Ресей өткен жылдары "өте қауіпті" ядролық сынақтар өткізіп, ол туралы 1974 жылғы келісімде көрсетілген елдерге хабарламағаны айтылды. Бұл келісім жерасты жарылыстарға шектеу қойған еді.
"Ресейдің осыған дейінгі қадамдары және Новая Земля [полигонындағы] қимылдарының ашық болмауы, бұлыңғырлығы алаңдаушылық тудырады" деді есеп авторлары.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Державалар ядролық сынақпен қайта қоқан-лоқы жасай бастады. Неге?"Өте қауіпті" сынақтарда бөліну реакциясы жүріп, изотоп ыдырайды да, толыққанды тізбекті реакция туады. Қаупі орташа не төмен сынақтарда мұндай процесс болмайды.
АҚШ болсын, Ресей болсын, тіпті Қытай болсын – осы елдердің барлығында ұлттық қауіпсіздік "сұңқарлары" әлем өзгерді деп санайды. Вашингтон мен Мәскеу арасындағы мерзімі аяқталып келе жатқан СНВ-3 келісімімен шектелмеген Қытай ядролық арсеналын ұлғайтып келе жатыр.
Кремль өзінің арсеналын модернизациялап, "Сармат" секілді жаңа құрлықаралық зымырандары мен атом бомбасын тасымалдай алатын "Буревестник" және "Посейдон" сияқты сынақтан өткізу арқылы анық белгі беріп отыр.
Трамптың сөзінен санаулы күн өткенде ЦРУ директоры Джон X платформасында мәлімдеме жасап, АҚШ президенті Қытай және Ресей сынақтары туралы "дұрыс айтып отыр" деді.
"АҚШ Қытай мен Ресейді қоса алғандағы ядролық қордан техникалық және сандық тұрғыдан басымдықты сақтауға тиіс" деді Дональд Трамптың бірінші мерзімі кезінде Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған Роберт О’Брайен өткен жылы Foreign Affairs журналындағы мақаласында. "Ол үшін Вашингтон компьютерлік модельдеумен шектелмей, 1992 жылдан бері алғаш рет жаңа ядролық қаруларды сенімділік мен қауіпсіздік үшін нағыз сынақтан өткізуі керек".
"Егер Қытай мен Ресей қару-жарақты бақылау келіссөздеріне шын ықыласпен қатыспауды жалғастыра берсе, АҚШ бөлінетін изотоптарды беретін уран-235 және плутоний-239 өндірісін жандандыруы қажет" деп жазды ол.
О’Брайен Азаттық сауалына жауап бермеді. Редакция сұрақтарды оның Вашингтондағы мекемесіне жолдады.
Кремль шенеуніктері Трамптың ядролық сынақтарды жандандыру туралы мәлімдемесін айыптап, Ресей толыққанды ядролық сынақтарды өткізгенін жоққа шығарды.
5 қараша күні Кремльде өткен қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ресей президенті Владимир Путин Белоусовтың сөзін қуаттап, ядролық сынақтарға дайындық жөнінде ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Бірақ сөйте тұра ол Мәскеу ЯСЖТШ шартын бұзуға мүдделі емес деп мәлімдеді.
Егер Трамп әкімшілігі расымен де ядролық сынақтарды жандандыру бет алса, өзге елдер де осы жолды таңдары анық. Оның ішінде бұл жолға бірінші болып Қытай түсуі ықтимал. Салдарынан ЯСЖТШ шарты бұзылуы мүмкін. Ресей бұл шарттың ратификациясын 2023 жылы жойды, ал Вашингтон оған қол қойып, бірақ оны ратификацияламаған еді. Әкімшілікте кей шенеуніктер бұл келісімнен шығуды ұсынған. Қытай да бұл шартқа қол қойған, бірақ ратификацияламаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лас бомба деген не және Ресей оны неге қозғап отыр?"Жарылыс сынақтарын өткізу өзге де елдердің де осындай қадамға баруына жол ашады. Олар дәл АҚШ сияқты көп сынақ өткізбеген, сол себепті жарылыс сынақтары оларға тиімді болуы мүмкін" дейді Лос-Аламос ұлттық зертханасының зейнетке шыққан ғалымы Шерил Рофер.
Толыққанды сынақтарға оралу АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналын шектеп келген СНВ-3 келісімінің күшін жоюы мүмкін. Келісімнің күші келесі жылы аяқталады, оны жаңарту жөнінде келіссөз жүріп жатқан жоқ.
Қыркүйекте Путин мәлімдеме жасап, келесі жылы ақпанда аяқталатын келісімнің талаптарын одан кейін де ұстануға дайын екенін айтты. Ақ үй мұндай ұсынысқа ашық екенін білдіріп отыр.