Сирия президенті Ахмед әш-Шараа АҚШ-қа ресми сапармен барды

Ахмед әш-Шараа

Сирия президенті Ахмед әш-Шараа АҚШ-қа ресми сапармен барды. Вашингтон бұған дейін әш-Шарааны терроризмге қатысы бар тұлғалардың қатарынан алып тастаған. Мұндай шешімді Америка үкіметі жұма күні жариялады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Томми Пиггот мұндай қадам “50 жылдан астам уақыт бойғы репрессивті режим мен Башар Асад кеткеннен бергі Сирия басшылығы қол жеткізген ілгерілеушілікті” айғақтайды деді.

Оның сөзінше, Сирияның қазіргі билігі АҚШ-тың бірқатар талаптарын орындап жатыр, атап айтқанда Сирия аумағында жоғалған америкалықтарды іздеуге көмектесіп, елде қалған химиялық қаруды жоюға күш салып жатыр.

Бұған дейін “Әл-Қаидаға” қатысы бар делінген әш-Шараа Американың “ерекше қауіпті террористер” тізімінде болған және оны ұстағандарға сыйақы тағайындалған еді.

Түркия және Парсы шығанағы елдері қолдайтын әш-Шараа жетекшілік ететін күштер Сирия билігіне шамамен бір жыл бұрын келген.

Дүйсенбі күні Сирия басшысы Ақ үйге барып, АҚШ президенті Дональд Трамппен кездеседі. Ол “жаңа Сирияға” қолдау көрсетуге уәде берген.

АҚШ-тың одақтасы Израиль Вашингтонның Дамаскімен әріптестігін қолдамайды және Асад режимі құлағаннан кейін Сирия аумағына ондаған соққы жасаған. Израиль жаңа билік өкілдерін “радикалды топ” деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Кремльде Сирияның жетекшісімен кездесті