Түйін
- Қылмыстық кодекстегі "алауыздықты қоздыру" бабы не үшін қолданылады?
- "Заң үстемдігі" деген не?
- Бұл бап азаматтарды жөнге сала ала ма?
- Халықаралық стандарттар қандай? Балама бар ма?
Қазақстан Қылмыстық кодексінде "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деген бап бар. Ол бойынша айыпты деп танылған адамдар 2 жылдан 20 жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін. Бұл баппен түрлі пікір айтқан адамдар жауапқа тартылып жатыр, арасында азаматтық құқықтарын қорғап жүрген саяси белсенділер де бар. Қылмыстық кодекстегі норма бұл қылмысты азайтуға септігін тигізе ме? Халықаралық норма қандай? Бұл сұрақтарды құқық қорғаушы Евгений Жовтиске қойдық.
"ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ" ЕМЕС, "ЗАҢМЕН БАСҚАРУ"
Азаттық: Қазақстанда 174-бап бойынша қозғалып, алғаш рет құқық қорғаушылардың алаңдаушылығын туғызған қандай іс еді? Осы баппен байланысты есте қалған даулы немесе абсурдты іс бар ма?
Евгений Жовтис: Мұндай "сөз бостандығын асыра пайдалану" істері алғаш рет 1990 жылдардың алғашқы жартысында пайда болды. Сол кезде Кәрішал Асанов пен Борис Супруняктың істері болды. Осы екі іс есімде қалыпты, әсіресе Кәрішал Асановтың (билікті сынап істі болған саяси белсенді, диссидент – ред.) ісі президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұқты деген айыппен қозғалған. Кейінірек осыған ұқсас баптар бойынша Сергей Дувановқа да (журналист, құқық қорғаушы – ред.) іс қозғалды. Ал ең даулы, есте қалған істердің бірі — 2005–2006 жылдары Нұрболат Масановқа (саясаттанушы – ред.) қарсы қозғалған іс. Оны қазақ халқына қарсы араздық қоздырды деп айыптаған. Бірақ кейін бұл айып алынып тасталып, іс азаматтық тәртіппен қаралды. Әрине, тағы бір үлкен резонанс тудырған іс — 2012 жылғы Владимир Козловқа (оппозициялық "ҚДТ" қозғалысы жетекшілерінің бірі болған саясаткер – ред.) қатысты іс. Ол кезде бап 174 емес, ескі Қылмыстық кодекстегі 164-бап болатын. 2014 жылы жаңа кодексте ол 174-бапқа айналды.
Your browser doesn’t support HTML5
Тіл дауы, "алауыздық тудырғандар" соты, жер сілкінісі — AzatNEWS l 03.11.2025
Азаттық: Бұл бапқа көп жылдан бері сын айтылып келеді. Сіздің ойыңызша, неге ол әлі өзгермеді?
Евгений Жовтис: Себебі біз заң үстемдігі (rule of law) жүйесінде емес, "заңмен басқару" (rule by law) жүйесінде өмір сүріп отырмыз. Бұл — саяси құрал. Сол сияқты Ресейдің Қылмыстық кодексіндегі 1950–1970 жылдардағы 58-бап секілді, ол да "советке қарсы үгіт-насихат" үшін жазалау тетігі болған. 174-бап та сол сияқты – "резеңке" норма, оны қалаған түрде қолдануға болады.
Ал халықаралық құқық пен өзге елдердің тәжірибесінде hate speech, яғни "ғадауат тілі" деген ұғым бар. Мұндай жағдайда адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға, тіпті бас бостандығынан айыруға да болады. Бірақ айырмашылығы — басқа елдерде бұл мәселе сөз бостандығын шектеу емес, қорғау аясында қаралады. Егер мемлекет сөз бостандығын шектегісі келсе немесе оны асыра пайдаланды деп санағысы келсе, ол үш сатылы тесттен өтуі тиіс.
Біріншіден, мұндай шектеу заңды мақсатты көздеуі керек. Халықаралық құқықта заңды мақсаттар төртеу: ұлттық немесе қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, халықтың денсаулығы мен имандылығы (моралі), және басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау.
Екіншіден, бұл шектеу демократиялық қоғамда шын мәнінде қажетті болуы тиіс — яғни онсыз болмайтындай жағдайда ғана қолданылуы керек.
Үшіншіден, жазалау немесе шектеу шарасы көзделген мақсатқа пропорционал, яғни деңгейлес болуы қажет. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеде қалыптасқан қағида бар: адамды тек жеккөрушілік пен өшпенділікті қоздырғаны үшін емес, егер оның іс-әрекетінде зорлық-зомбылыққа шақыру және осы зорлықтың нақты қаупі болса ғана қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады.
Ал Қазақстанда жағдай басқаша. Бізде бұрын "разжигание" ("қоздыру") емес, "возбуждение" ("жандандыру") деген түсініксіз әрі кең мағыналы сөз қолданылып келді. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеде нақты айтылатын "ненависть" (жеккөрушілік) және "вражда" (өшпенділік) терминдерінің орнына бізде "рознь" ("араздық") деген түсініксіз ұғым бар. Бұл құқықтық айқындық пен болжамдылық қағидаларына қайшы келеді.
Бізде "араздық қоздыру" бабы экстремизм қатарына кірген. Ал халықаралық құқықта "экстремизм" ұғымының нақты анықтамасы жоқ. Онда тек "зорлық-зомбылық экстремизмі" деген түсінік бар, яғни нақты зорлық әрекетіне шақыру болса ғана. Ал сын, пікір білдіру, билікті, этностық немесе діни топты сынау — бұл қалыпты, жанды саяси пікірталас. Мұнда зорлыққа шақыру да, қауіп те жоқ. Біздің тәжірибеде бұл бап ешқандай зорлық компонентінсіз қолданылады, тіпті қасақана істелгені (умысел) дәлелденбейді. Журналист немесе белсенді біреуді сынады ма — соны "араздық қоздырды" деп санай салады. Ешқандай салдар болмаған жағдайда кінәні қалай дәлелдеуге болады? Тек сараптама арқылы. Қазір басты "дәлел" — филолог, психолог, саясаттанушы сияқты мамандардың сараптамасы. Бірақ олар тек болжам жасайды. Ал қылмыстық құқықта болжамға сүйеніп айыптау үкімі шығаруға болмайды.
Сондықтан біз бұл бапты сөз бостандығына қарсы болғандықтан емес, оның дәлелсіз және субъективті қолданылуына қарсы сынға аламыз. Ғадауат тілімен күресу қажет, бірақ ол тек зорлық-зомбылық элементі бар нақты жағдайларда ғана болуы керек. Міне, сондықтан біз 174-бапты алып тастау емес, оны халықаралық стандарттарға сәйкес, зорлыққа шақыру және нақты қауіп бар істерде ғана қолдануды ұсынамыз.
БАЛАМА ЖОҚ ПА?
Азаттық: Шынымен де бұл бапқа неғұрлым тиімді немесе әділ балама жоқ па, әлде ол билікке ыңғайлы ма?
Евгений Жовтис: Іс жүзінде соңғы жылдары "экстремистік ұйымның қызметіне қатысу" деген 405-бап жиі қолданыла бастады. Сонымен қатар "жалған ақпарат тарату" туралы бапты да пайдаланады. Яғни басқа да құралдар бар. Бірақ 174-бап бұрыннан өте "ыңғайлы" болып келген. Ол 2018 жылға дейін сағат сияқты жұмыс істеп тұрды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шамына тигеннің бәрін тұқырту". "Экстремизмді қаржыландыру" бабын қалай және кімге қолданып жүр?Ал "ҚДТ" қозғалысы "экстремистік" деп танылған 2018 жылдан кейін, 405-бап жаппай қолданылып, азаматтық белсенділерді "сіз [экстремистік деп танылған ұйымның постына] лайк басыпсыз, репост жасапсыз" деген негізбен қудалау басталды. Бұл – тез, оңай дәлелдеуге болатын тәсіл. Ал жалпы алғанда 174-бап сол қалпы пайдаланыла береді.
Тағы бір мәселе – егер сіз қылмыстық немесе өзге заңды біреуді тыйым салуға, оны экстремист деп айыптауға қолдансаңыз, бұл жерде "заңмен басқару" (rule by law) қағидасы іске қосылады: яғни саясат заңнан үстем түседі. Саяси есеп, саяси мүдде, саяси мотивация нәтижені анықтайды.
Ал соттар оны заң тұрғысынан қалай рәсімдейді – бұл екінші мәселе. Үкімдердің жақсы немесе нашар болуы, ақылға қонымдырақ немесе абсурд болуы – мәселенің екінші қыры.
Азаттық: 174-бап сөз бостандығы мен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес келе ме?
Евгений Жовтис: Әрине, сәйкес келмейді. Мұны тек мен айтып отырған жоқпын. Соңғы 15 жылдағы БҰҰ құжаттарын қарасаңыз жеткілікті. 2014 жылы қазіргі 174-бап пайда болды, оған дейін ол 164-бап болған. Егер 164 пен оның мұрагері 174-ке қатысты халықаралық ұйымдардың пікірлерін қарасаңыз, бәрінде бір тұжырым: бұл баптар халықаралық стандарттарға сай емес. БҰҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі арнайы баяндаушыларының, адам құқықтары жөніндегі кеңес пен комитеттің бірнеше қайтара жасаған ұсынымдары бар. Барлығы бұл баптарды өзгертуді ұсынған. Бірақ ештеңе өзгермейді. "Араздық тудыру" деген сөз қосылды дегенімен, қолдану тәсілі сол күйінде қалды.
"ЗАҢНАМА АНЫҚ ТА НАҚТЫ БОЛУЫ КЕРЕК"
Азаттық: Бұл тұрғыда қай елдің тәжірибесін үздік деп айтар едіңіз? Кімге қарап бағдар ұстау керек?
Евгений Жовтис: Постсоветтік кеңістікте, мысалы, Балтық елдеріне немесе Молдоваға қарауға болады. Польша тәжірибесі де мысал етуге тұрарлық. Көп елде "ғадауат тілін" шектеу – өте нәзік, күрделі мәселе. Мысалы, Германияда Холокостты жоққа шығарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Яғни тәсілдер әртүрлі. Бірақ мұнда басты үш компонент бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өткеніме өкінбеймін". 70-ке толған Евгений Жовтистің адам құқығы үшін күресіБіріншісі – заңнаманың анықтығы мен дәлдігі, яғни халықаралық стандарттарға сай нақты тұжырымдалуы. Екіншісі – заңды қолдану тәжірибесі, ол сөз және пікір білдіру бостандығын қорғауға негізделуі керек және нақты қай кезде адам шектен шыққанын анық көрсете білуі қажет.
Үшіншісі – ең маңыздысы, тәуелсіз сот. Тек тәуелсіз сот болғанда ғана адам өз құқығын қорғай алады. Ал қазіргі жағдайда, сот саяси шеңберден шықпай отыр, яғни заңда жазылмаса да, саяси бағдарға бағынышты. Оның қалай жұмыс істейтінін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан сот кейде саяси тапсырыстың алдында өзі-ақ "алға жүгіреді" де, бапты қолдана береді. Ал дәлелдеу жағына онша мән берілмейді: адамның расында не айтқысы келгені, оның сөзінде зорлыққа шақыру бар ма – бұған қарамайды.
Жоғарғы сотта болған әңгімемде "Сіздер сараптамаға сүйеніп, пиғылды қалай дәлелдейсіздер?" деп сұрағанмын. Бұл бап қасақана жасалған әрекетті көздейді ғой.
Азаттық: Қоғамды шынайы өшпенділік пен жеккөрушіліктен қорғайтын, бірақ сөз бостандығын шектемейтін балама тетіктер бар ма?
Евгений Жовтис: Біріншіден, жала жабу, қорлау, ар-намыс пен қадір-қасиетке қол сұғу – бұлардың барлығы қылмыстық заңнан азаматтық құқық саласына ауысуы керек. Адам өзін немесе топты (ұлттық, діни, этностық, әлеуметтік т.б.) қорлағанын сотта дәлелдеп, ар-намысын қорғауға, жалған ақпаратты терістетуге және моральдық өтемақы алуға құқылы болуы тиіс. Бұл қоғамдағы жауапкершілікті арттырады.
Екіншіден, қоғамды төзімділік, өзге көзқарасқа құрмет мәдениетіне тәрбиелеу қажет. Адамдардың әртүрлі болуы – табиғи нәрсе екенін мойындау керек.
Үшіншіден, қылмыстық жауапкершілік нақты "қызыл сызықтан" өткенде ғана туындауы тиіс. Ол сызық – зорлыққа шақыру және нақты зорлық қаупін тудыратын өшпенділік. Міне, шекара осы жерде. Бұл жала мен қорлауға, жалған ақпаратқа қарсы тұру қажет емес деген сөз емес. Керісінше, оған қарсы азаматтық-құқықтық құралдармен күресу керек. Олар – ақпаратты терістеу жариялау, өтемақы төлеу, төзімділікке тәрбиелеу.
Тағы бір маңызды жайт – жазасыздық мәселесі. Ең қорқыныштысы – жазаның қаталдығы емес, жазасыздық. Егер адам өз әрекеті үшін ешқандай жауап болмайтынын білсе, ол өшпенділікті қоздыруды жалғастыра береді. Сондықтан жауапкершілік міндетті түрде болуы керек, бірақ ол сөз бостандығын пайдаланғаны үшін емес, зорлыққа ашық шақырғаны немесе нақты өшпенділікті қоздырғаны үшін ғана қолданылуы тиіс.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Араздық қоздырды". Қазақ тарихын насихаттайтын арна авторын не үшін тергемек?