Қазақстанда ет неге қымбат? Бағаны кім, қалай ауыздықтайды?

Алматыдағы орталық ет базары. 23 мамыр 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Қазақстанда ет бағасы бір жылда 20 пайыз шамасында өсті. Бұл — орташа әрі ресми дерек. Кейбір жергілікті базарларда ет бірер айда 30-40 пайыз қымбаттап кетіп, жұрт желіде шуласып қалған. Бұған не себеп?

"ӘЛЕМДІК НАРЫҚ" КІНӘЛІ МЕ?

Кейінгі бір айдың ішінде сиыр еті 700 теңгедей қымбаттап, бір килосы 3800-ден 4500 теңгеге дейін өскен. Жамбас ет тіпті 5500 теңгеге жеткен. Ресми статистика бойынша, сиыр етінің бағасы 30 пайыздай өскен. Бейресми көрсеткіш бұдан да жоғары. Еттің күрт қымбаттауы ел арасында наразылық тудырып, әлеуметтік желіде қызу пікірталасқа өзек болды.

Үкімет еттің қымбаттауын әлемдегі нарықпен байланыстырады. Көрші елдерде баға едәуір жоғары болғаны Қазақстанға да әсер етті дейді үкімет. Қазақстандағы өнім солай қарай тасымалданып, нарықта сұраныс артқан.

Дегенмен үкімет бағаны ауыздықтаудың біраз шарасын қолға алдық дейді. 15 мамырда тірі мал экспортына тыйым салынды. Жыл соңына дейін сиыр етін экспорттауға да шек қойылды, тек ет өңдеу мекемелерінің ғана өнімді сыртқа сату құқығы бар.

Бұған қоса қалаларда ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізіліп тұрады. Фермерлер тауарын тікелей сатуға мүмкіндік алады. Бірақ көп маман бұл шара теңізге тамған тамшыдай әсер береді деп санайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда ет қымбаттады. Шаруа кәсібін, тұрғындар қалтасын ойлайды — AzatNEWS | 31.10.2025

Үкімет бағаны негізсіз көтеруге алып келетін делдалдармен де күресіп жатырмыз дейді. Жыл басынан қыркүйекке дейін осындай негізсіз делдалдар үсінен 2 мыңнан астам әкімшілік қаулы шығып, айыппұл салынған.

Қымбатшылық туралы көп әңгіме болғанына қарамастан, шенеуніктер соңғы кезге дейін "дағдарыс жоқ, бәрі қалыпты" деп сендіріп келді. 2 қыркүйекте ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов журналистерді "баға тұрақты, мал басы жеткілікті" деп сендірген. Баға өсуі де мүмкін деген шенеунік, "әкімдіктердің қолында бағаны ұстап тұратын барлық механизм бар" деген. Әйтсе де фермерлер ет төңірегінде жағдайдың шиеленісуіне осы бағаны ұстап тұру шарасы кесірін тигізді деп санайды.

ДЕЛДАЛДАРМЕН КҮРЕС ЖӘНЕ "ТҰРАҚТЫЛЫҚ ҚОРЛАРЫ"

14 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімете экономикалық реформалар "халыққа ауыр әсер етпеуі үшін" шұғыл шараларды қолға алуға шақырды. Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметі сол күні "дағдарысқа қарсы шаралар" тізімін жариялады. Арасында әлеуметтік маңызы бар тауарларды "арзандату" шаралары да бар. Үкімет "отандық ауылшаруашылық өнімін өндірушілерді қаржыландыру көлемін екі есе арттырып, тұрақтандыру қорларының жұмысын белсенді ете түсетінін" мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баға, тариф және салық. Үкіметтің шұғыл шешімі нені білдіреді? 

"Негізсіз делдалдарды, тауар үстемесін шамадан тыс арттыратындарды анықтайтын аймақтық комиссиялар жұмысына ерекше назар аударылады" делінген үкімет хабарында.

Бұл шаралардан нақты қандай нәтиже болары әзірге белгісіз.

"АЛУШЫ АЗАЙДЫ, САУДА ЖОҚ"

Ет қымбаттағанын Алматыда Азаттық сөйлескен адамның бәрі сезген. Ондағы жұрт базарға бару қалтаны қатты қағып жатыр дейді. Саудагерлер етті қымбат сатпасқа лаж жоқ, әйтпесе табыс дүкен жалдау ақысынан артылмайды деп отыр.

– Қымбаттаған себебі жем-шөп табу оңай емес, жем-шөбі бар, суы бар... мал баққан оңай емес қой. Сол үшін олар қымбат алып келеді, біз солардың айтқан бағасына аламыз, – дейді Алматының "Көк базарындағы" ет сатушы.

Және бір сатушының айтуынша, салық та өскен, базардағы орынды жалдау ақысы да қымбат, бағаға осының бәрі қосылады. Ең бастысы – өнімнің өзі көтерме бағамен келгенде-ақ қымбат келеді, өздері аздаған үстеме қосады.

"Алушы азайып кетті, халықта ақша жоқ" деп мұңын шақты және бір саудагер.

Алматыдағы ет базарының бірінде. 2 ақпан, 2025 жыл. Азаттық архивіндегі фото

Базардағы ет сатушылардың әңгімесінен түсінгенгіміз – мал бағу пайдалы кәсіптен гөрі шығыны көп, өзін-өзі ақтамайтын бейнетке айналып бара жатқандай.

Кей сатушы үкіметтің "ет шетелге кетіп жатыр, баға содан қымбат" деген уәжін қуаттайды.

"Еттің бәрін бәрін жан-жаққа тасыса, қымбаттайды. Сол үшін тасымау керек, шетелге өтккізбеу керек етті" деді сатушы. Оның айтуынша, бұрын ет Өзбекстаннан бері қарай келетін қазір керісінше Қазақстаннан Өзбекстанға кетеді. Шекара ашық болғанда малды шетелге тірідей алып кетіп, ел ішінде дефицит қалыптасқан деген де уәж айтты бір саудагер.

"СУБСИДИЯНЫ АЛЫП ТАСТАСЫН"

Ет неге қымбаттап жатыр дегенді Азаттық шаруалардың өзінен де сұрады. Олар бағаның өскені — нарық талабы, оны жасанды түрде ұстап тұруға болмайды дейді.

Қостанай облысындағы шаруа қожалығының иесі Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, қазір ресми есеп бойынша Қазақстанда 7 миллиондай ірі қара бар. Мамандар бұл сан тіпті 5-6 миллион болуы мүмкін деп болжайды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Оған себеп – соңғы жылдары малмен айналысу тиімсіз болып кетті, мал санын қысқартып, оны сойып сатып, қалаға кетіп жатқан динамика бар дейді ол.

– Себебі жем, шөп, жанармай, малдәрігерлік зат сияқты нәрсенің бәріне баға өсті. Ал ет бағасы өспей қалды, жыл сайын әрі кетсе 5-ақ пайыз қымбаттады. Ет "әлеуметтік маңызы бар тауар" санатына кіргендіктен, оның бағасын өсірмеді. 4-5 жыл бойы қалыптасқан осы шиеленіс еттің биыл күрт қымбаттауына алып келді, – деді Жәнібек Кенжебаев Азаттыққа.

Your browser doesn’t support HTML5

Депутат Зайыттың сауалы, қымбатшылық қыспағы, Газадағы бейбітшілік — AzatNEWS l 13.10.2025

Оның айтуынша, баға осы қалпы әрі қарай тұра бергенде бұл Қазақстанның "ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтірген болар еді".

Батыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалығының иесі Саян Баетов бірнеше жылдан бері келе жатқан тағы бір мәселе – киіктің көбеюі де шаруаларды шығынға батырып жатыр дейді. Шөп аз болғандықтан малды семірту қиын дейді ол.

Батыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалығының иесі Ақылбек Сағитов "мемлекет қожалықтарға беретін субсидиядан айырса, айыра берсін, оның орнына тұрмысы төмен топтарға ет сатып алуға көмектессін, тек бағаны қолмен түсіріп отырмасын" дейді.

БАСҚА ЕЛДЕРДЕ ҚАНДАЙ?

2012 жылдан бері жұмыс істейтін Global Product Prices индексі 77 елдегі азық-түлік бағасын салыстырып отырады. Оны тәуелсіз экономист сарапшылар жүргізеді. Сайттың биыл көктемдегі дерегіне қарағанда, сиыр етінің әлем бойынша орташа бағасы 16,6 доллар, яғни 8 800 теңге. Зерттеушілер бұл деректі ірі онлайн дүкендер мен ресми статистикадан алып, орта шамасын есептеп шығады. Осы индекске сүйеніп, алыс-жақын шет елдерде сиыр еті қаншадан болып жатқанын шолып шығайық.

Еттің бағасына валюта бағамы, жем-шөп пен жанармай құны, импорт‑экспорт саясаты, халық сұранысы мен субсидия сияқты көп фактор әсер етеді. Биыл сиыр етінің бағасы әлем бойынша қымбаттады. Оған ірі қараның азаюы, сұраныстың көбеюі мен қуаңшылық сияқты факторлар әсер еткен.

Қазақстан Global Product Prices индексінде сиыр етінің бағасы бойынша 77 елдің ішінде 51-орында тұр. Зерттеушілер елде сиыр етінің келісі 11,5 доллар (6200 теңге) деп есептеп шығарған.

Рейтингіге қарағанда, Өзбекстанда 1 кг сиыр еті шамамен 8 доллар тұрады. Бұл 4200 теңгедей. Ал Қырғызстанда еттің келісі 8–11 доллар, Түркіменстанда 4–9 доллар арасында сатылып жатыр.

Тәжікстан астанасы Душанбеде импорттық ет 8 доллар, сүйекті сиыр еті 10 доллар, ал қаракесек еттің келісі 15 доллардан сатылған. Яғни, ең қымбат ет 8200 теңгедей тұрады.

Америка Құрама Штаттарында 1 келі сиыр еті 22 доллар тұрады. Бұл 11,5 мың теңгедей.

Италия мен Испанияда 21–23 доллар шамасында, ал Германия мен Нидерландта 25–35 доллар деп көрсетілген.

Швейцарияда 1 келі еттің бағасы 70 долларға, яғни 37 мың теңгеге жетіп, әлемдегі ең қымбат нарық деп танылған. Сиыр етінің келісі 60 доллар тұратын Оңтүстік Корея мен 52 доллар болатын Гонконг қымбат елдер үштігін аяқтайды. Әлемде ең арзан ет Африканың Замбиясында — келісі 4,5 доллар.

"МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ САЯСАТЫ ЖОҚ"

Қазақстандағы еттің қымбаттауы, оның себебі әрі болашақта қымбаттауға жол бермеудің әдіс-тәсілі жөнінде "Қазақстан ет одағы" бірлестігінің төрағасы Мақсұт Бақтыбаев не дейді? Шаруалар мен сарапшылар айтқан басты себептердің бірсыпырасын Азаттыққа ол да айтып берді.

Азаттық: Қазақстанда еттің қымбаттауына нақты қандай себептер бар?

Мақсұт Бақтыбаев: Қысқаша айтқанда, соңғы алты айда ет бағасы өңірлерде 20-50%-ға дейін күрт өсті. Бұған өткен жылдың соңында мал саны рекорд деңгейге азайып кетуі себеп болды. Яғни етке сұраныс ұсыныстан, яғни мал басынан асып түсті.

Екінші сұрақ – бұған не себеп? Мұның себебі айқын. Соңғы 5-6 жыл малшылар мен фермерлер үшін өте ауыр, табыссыз кезең болды. Фермерлер өнімін, малын өз құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр болды. Неге бұлай болды? Себебі бұрын мал өте көп болатын. Мысалы, 2019 жылы шамамен 8–8,5 млн бас мал болған. Қазір біздің есеппен 5,5–6 млн бас қана қалды. Біз сол кезде мал мен етті көп экспорттадық. Сол себепті, 2019 жылы үкімет мал экспортын шектеді. Ал артық мал ішкі нарыққа түсіп, бағаны түсірді. Бір нәрсе көп болса, оның бағасы төмендейді.

Фермерлер малды базарда өздері сатпайды. Оларға делдалдар, логистер, супермаркет өкілдері келеді. Олар: "Малдың келісі 1500 теңгеден сат" дейді. Фермер: "Еттің өз құны 1800 теңге" дейді. Олар: "Онда қоя тұр, біз көрші фермерден аламыз" дейді. Ал фермерлер несие төлеп, жем-шөп алуы керек, жұмысшылардың жалақысын беруі қажет. Сондықтан олар малын сатуға мәжбүр болды. Өйткені малды гаражға немесе қоймаға тығып қоя алмайсың ғой. Бұл жағдай 5 жыл жалғасты.

Осы 5 жылда фермерлер жыл сайын мал санын азайта берді. Өйткені ұстау тиімсіз болды. "Бұл жағдай қашан аяқталар екен" деп күтті. Бірақ аяқталмады. Шыдамы таусылды. Қазір біздің болжам бойынша шағын фермерлердің жартысы шаруашылығын жапты. Елдегі мал саны шамамен 25%-ға азайды. Соның салдарынан дефицит қалыптасты.

Бұл тапшылық өткен жылдың соңында анық байқалды. Ет жеткізумен айналысатындар фермерлерге барса, "Мал жоқ" дейді. "Алсаң ал, алмасаң қой. Бағасы 3500–4000 теңге" дейді. Сөйтіп, баға өсе бастады.

Яғни 5 жыл бойы біз көп малды біртіндеп азайтып келдік, сол себепті оның бағасы төмен болып келді. Ет бағасы да басқа өнімдерге қарағанда төмен еді, өспеді. Ал қазір күрт өсті, себебі мал таусылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Балаларым аш". Кедейлік мыңдаған түркімен әйелін жезөкшелікпен айналысуға итермелеп отыр

Азаттық: Кей сарапшылар ет бағасының өсуіне экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген саясатын кінәлайды. Ол жайылым жердің көбін латифундистерге беріп, содан мал басы өспей қалды" дейді. Бұл қаншалық дұрыс пікір?

Мақсұт Бақтыбаев: Бұл мүлде объективті емес, шындыққа мүлде сәйкеспейді. 2008 жылдан бері, яғни 17 жыл бойы ет және мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан адам ретінде айтсам, бұл мүлде шындыққа жанаспайды. Рас, оңай ештеңе болған жоқ: жер алу, несие алу бәрі қиын болды, бірақ жұрт оны да алып келді. Назарбаев кезінде экспортқа арналған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданды. Көп мал әкелінді, фермерлерге "Сыбаға" бағдарламасымен 15 жылға, жылына 4% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілді. Өте жақсы жағдай жасалды деп ойлаймын. Сондықтан мұндай айып тағуға негіз жоқ деп есептеймін.

Сөзіне шынына келсек, бағдарламаларды президенттің өзі шешпейді. Бұл — үкімет, нақты министрлер мен әкімдер шешетін сала. Президент мал шаруашылығымен тікелей айналысса, өзіне бірдеңені жапсырсақ болар еді. Бірақ оның қатысы өте аз. Өкінішке қарай, бұрынғы президент те, қазіргі президент те бұл мәселелерге көп араласпайды. Бұл — орындаушы биліктің, яғни үкіметтің жұмысы.

Азаттық: Ет бағасы әлі де өсе бере ме? Оны ауыздықтау үшін үкімет қандай әрекет жасап жатыр?

Мақсұт Бақтыбаев: Мұны үкіметтің өзінен сұраған дұрыс болар еді — олар қандай шаралар қабылдап жатыр? Өкінішке қарай, әзірге біз ұзақмерзімді жоспардың бағытын көрсететін нақты жүйелі шешімдерді көріп отырған жоқпыз.

Ең қызық парадокс мынада: біз — мыңжылдық тарихы бар, кең байтақ жері бар елміз және осы жеріміз үшін, шын мәнінде, мал шаруашылығына қарыздармыз. Жер біз үшін әрдайым қасиетті болды, өйткені біздің негізгі кәсібіміз — мал бағу болды десек болады. Барлық сауда-саттық, байлық малда болды. Соның арқасында біз әлемде жер көлемі бойынша 9-орындамыз. Ал жайылым көлемі бойынша әлемде Бразилиямен қатар 5-орында тұрмыз. Ет, әсіресе сиыр еті бойынша әлемдегі топ-10 елдің қатарына кіруімізге болар еді. Бізге жақын Қытай, Өзбекстан, Ресей — бәрі де өте көп ет импорттайды. Біз сол елдерге арнап ет өндіре алар едік, әрі өзімізге де жетер еді. Ол үшін мал шаруашылығын дамыту жөнінде тұрақты мемлекеттік саясат болуы керек. Өкінішке қарай, қазір ондай саясат жоқ.

Азаттық: Ет бағасын тұрақтандыру үшін не істеу керек.

Мақсұт Бақтыбаев: Екі нәрсе маңызды. Ет қолжетімді болсын десек — оны көп өндіру керек. Оны көбейту үшін — фермер де, мал да көп болуы тиіс. Ал ол үшін мемлекет фермерлікпен айналысу тиімді болатындай жағдай жасауы керек, адамдар осы салаға жаппай келгені жөн. Ол үшін жер алу тәртібін жеңілдету керек, бәрі бір портал арқылы ашық берілуі тиіс, арзан әрі қолжетімді несие болуы керек, сонымен қатар ойын ережелері түсінікті болу керек: қайда сатасың, қаншаға сатасың — бәрі айқын болуы қажет. Қазіргі сияқты "бүгін экспортты жаптық, ертең аштық" деген болмауы тиіс. Бұл болашаққа сенімді азайтады. Мал шаруашылығында 10–15 жылға жоспар жасалады. Мұнда "бүгін былай, ертең олай" деп жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселе мемлекет басшысы деңгейінде шешілуі тиіс.
Ал ет бағасын арзандату бойынша біз көптен ұсынып жүрген бір құрал бар — әр қалада фермерлік базар ашу. Яғни тұрақты жұмыс істейтін жәрмеңке іспетті орын болса, онда фермерлер өз өнімдерін тікелей тиімді бағамен сата алады. Қазір жәрмеңкелер айына бір рет өтеді, онда етті жылдам алып кетеді.

Азаттық: Бұл салада көптен жұмыс істейсіз, кәсіпкерлерді де көп танисыз. Үкіметтен субсидия ала алмай, кәсібін жапқан адамдар көп болды ма? Бұл нарыққа қалай әсер етіп жатыр?

Мақсұт Бақтыбаев: Субсидия — басты нәрсе емес. Өнім өндіріп, оны әділ бағамен сата алмасаңыз, бұл субсидиядан да ауыр соғады. Себебі субсидия пайдаңыздың 3–5% ғана құрайды. Олар көмектеспейді, жай ғана талғажау сияқты нәрсе.

Иә, бізде қазір жұмысын тоқтатқан, жабылған немесе жарым-жартылай жұмыс істеп жатқан кәсіпорын көп. Мұндай мәселе бар. 2018 жылы біз: "Бізге субсидия керек емес, тек нарық шарттарымен жұмыс істейік, экспортты дамытуға мүмкіндік беріңдер, сонда бәрі жақсы болады" дегенбіз. Сосын пандемия басталды, бақылауға келмейтін жайттар болды. Бірақ қалай болғанда да, бұдан әлі ешкім қорытынды жасаған жоқ.