"Проект" Путиннің 20-дан астам туысының билікке қатысы бар қызметте отырғанын анықтады

Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин кемінде 24 туысының билікке қатысы бар қызметтерге тағайындалуына көмектескен. Бұл жөнінде "Проект" жазды. Басылым бұл кейінгі 100 жылда Ресей жетекшілері арасындағы ең жоғары көрсеткіш деп тұжырымдайды.

Басылымның жазуынша, мұндай мәліметті тілшілер "Әкелер мен аталар" (Отцы и деды) атты мақаламен жұмыс істеген кезде анықтаған. Редакция оны Ресейдегі тамыр-таныстық бойынша ең ірі зерттеу деп атап, алдағы дүйсенбіден бастап соның қорытындысын жариялай бастайтынын мәлімдеді.

"Проекттің" жазуынша, ең жоғары лауазымды қызмет президенттің немере бауыры Евгений Путиннен тараған ұрпаққа тиген. Оның өкілдері Анна Цивилева, Сергей Цивилев және Михаил Путин үкімет пен "Газпромда" түрлі лауазымды қызмет атқарады. Президенттің жиен інісі Виктор Хмарин "Русгидроға" жетекшілік етеді.

Одан басқа, журналистердің мәліметінше, мемлекеттік құрылымдардан түскен кірісті Путинге ең жақын төрт әйел алады: оның бұрынғы әйелі Людмила Очеретная (ажырасқанға дейін Путина), Алина Кабаева, Светлана Кривоногих және Алиса Харчева, сонымен бірге екі қызы - Мария Воронцова және Катерина Тихонова.

Путинге дейін де Ресейді басқарған және СССР басшыларының да туыстары мемлекеттік қызметке ие болған, бірақ ауқымы мынадай емес. Мысалы, Ресейдің бірінші президенті Борис Ельциннің бес туысының билікке қатысы болған.