Астанада көп қабатты үйдің алдыңғы бөлігіндегі қаптама опырылып түсті. Зардап шеккендер бар

Astanovka98 суреті.

Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің алдыңғы бөлігіне орнатылған кондиционер қондырғысы мен сыртқы кірпіш қаптама опырылып түсті. Бес адам зардап шекті.

Оқиға Алматы ауданындағы Тәуелсіздік даңғылында (24Б) болған.

Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқарушылар келген кезде ғимараттың бірінші қабатында дүкенге кіреберіс жердегі 150 шаршы метр аумақта кондиционер қондырғысы және қаптама құлағанын көрген.

Төтенше жағдай министрлігіне сүйенген жергілікті БАҚ бес адам зардап шеккенін жазды.

"Құтқарушылар зардап шеккендерді шығарып, қаптаманың одан әрі құлау қаупін жойды. Зардап шеккендер жедел жәрдем бригадасына тапсырылды" деп жазылған ТЖМ хабарламасында.

Оқиға орнында бөлшектеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Астана денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккендер көп салалы N1 ауруханаға жеткізілген. Бір науқастың жағдайы өте ауыр, оған шұғыл ота жасалып жатыр. Жан сақтау бөліміндегі тағы екі адамның жағдайы ауыр. Қалған екі адамның жағдайы тұрақты, барлығын дәрігерлер қадағалап отыр.