АҚШ-та жүк ұшағы апатқа ұшырап, кемінде жеті адам қаза тапты

Луисвилл әуежайы маңына ұшақ құлағаннан кейін әуеге көтерілген түтін. Кентуки штаты, АҚШ, 4 қараша, 2025 жыл.

4 қараша күні АҚШ-тың Кентукки штатында UPS компаниясына тиесілі McDonnell Douglas MD-11F жүк ұшағы апатқа ұшырады. Төтенше оқиға Луисвилл қаласындағы Мұхаммед Әли атындағы халықаралық әуежай маңында болған: ұшақ әуеге көтеріле берген сәтте жерге құлаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ апаты салдарынан кемінде жеті адам қаза тауып, тағы он бір кісі зардап шеккен. Ұшақ құлағаннан кейін ұшу алаңына жақын маңнан әуеге қою қара түтін көтерілген.

Луисвилл әуежайы — UPS компаниясының ең ірі логистика орталықтарының бірі. Ол жерде 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді және күніне екі миллионнан аса жүк заттары өңделеді.

Жергілікті полицияның хабарлауынша, ұшақ апатынан кейін әуежай төңірегіндегі ауқымы бес миль аймақта тұратын жұрт қауіпсіз жерден шықпау жөнінде ескертілген.

Үш қозғалтқышы бар McDonnell Douglas MD-11F жүк ұшағын әу баста McDonnell Douglas компаниясы, ал кейін Boeing компаниясы шығарған. Мұндай ұшақтарды әлемдегі ең ірі жүк тасымалдаушылар — UPS Airlines, FedEx Express және Lufthansa Cargo көбірек пайдаланады.