АҚШ қаржы министрлігі Беларусьтің "Белавиа" мемлекеттік әуе компаниясын және жоғары лауазымды шенеуніктер мен елді басқарып отырған Александр Лукашенконың отбасы мүшелері пайдаланатын Bombardier Challenger 850 бизнес-ұшағын санкция тізімнен алып тастады.
Бұл шектеулер Минскіге қарсы 2021 жылғы желтоқсанда енгізілген еді. "Зеркало" басылымының жазуынша, санкциялардың жұмсартылуы – Вашингтонның Минскінің елдегі саяси тұтқындарды босатуға берген жауабы. Бұған дейін, қыркүйек айында АҚШ президенті әкімшілігінің өкілі Джон Коул Лукашенкомен кездескенде саяси тұтқындар босатылған жағдайда санкцияларды қайта қарауға дайын екенін мәлімдеген еді.
Бұған қоса АҚШ қаржы министрлігі Лукашенкоға немесе санкция салынған "Славкалий" компаниясына қатысы бар үш ұшаққа байланысты қаржы операцияларын жүргізуге уақытша лицензия берді. Бұл рұқсат "қызмет көрсетуге, ұшуға және өзге де техникалық және коммерциялық операцияларға" қатысты берілген.
Алайда АҚШ-тың Беларуське қарсы салған америкалық ұшақтарды пайдалануға және өзге де саяси және авиациялық шектеулері күшінде қалады деп хабарлады Азаттықтың Беларусь қызметі.
Вашингтон Минскіге қарсы салалық санкцияларды 2021 жылдың тамызында — 2020 жылғы президент сайлаудан соң және Ryanair әуе компаниясының жолаушы ұшағын Минскіге мәжбүрлі түрде қондырғаннан кейін салған еді. Ол ұшақта оппозициялық NEXTA Telegram-арнасының негізін қалаушылардың бірі Роман Протасевич болған.
Санкциялар тізіміне "Белавиа" әуе компаниясы мен калий өндіретін "Славкалий" компаниясы да енгізілген.
- АҚШ Лукашенкоға қарсы санкцияны 2006 жылы енгізген. "Белавиа" 2023 жылдан бастап санкция тізіміне алынған, бірақ 2025 жылғы қыркүйекте шектеулер алынғаннан кейін әуе компаниясы қайтадан Boeing ұшақтарына қосалқы бөлшектер сатып алып, техникалық қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болды.
- Польшаның Rzeczpospolita газеті жазғандай, санкция режимін жұмсарту – Лукашенко билігі елдегі саяси тұтқындарды босату үшін қойған басты шарттардың бірі болған. Минск қойған негізгі талаптар қатарында "Белавиа" мен Еуропадағы ең ірі калий тыңайтқышын өндірушілердің бірі саналатын "Беларуськалий" компаниясына салынған санкцияларды алып тастау талабы да бар.