"Қаңтар ескерткіші". Қанды қақтығыстан 3 жыл өткенде Назарбаевтың экс-резиденциясы скверге айналды

Алматыдағы бұрынғы президент резиденциясының орнына ашылған сквер. 29 қазан, 2025 жыл.

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде өртке оранып, кейін сүрілген президент резиденциясының орнында сквер ашылды. Сөйтіп бұрын жабық болған аумақ жұрт игілігіне берілді. Азаттық Азия редакциясының тілшісі үш жыл бұрын қанды қақтығыс болған жерді аралап көрді. Журналист скверге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп жараланған, азапталып, түрме жазасына кесілген адаммен бірге барды.

Қылқанды және жапырақты ағаштар арасындағы жаяу адамға арналған аллея мен жүгіру жолақтары бар. Үлкен көлшік және әлі іске қосылмаған субұрқақ орналасқан. Алматыдағы бұрын президент резиденциясы болған жердің қазіргі көрінісі осындай.

Совет кезінен қалған алып ғимарат қазір жоқ. Оны бұзып тастаған. Билік өртке оранған, бүлікшілер ойран салған ғимаратты қалпына келтіргеннен гөрі сүріп тастағаны тиімді деп тапты.

ҚАБЫРҒА ҚАЛДЫҒЫ – ҚАНДЫ ҚЫРҒЫННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ

2022 жылғы 5 қаңтарда үкіметке қарсы наразылық тәртіпсіздікке ұласып, мыңдаған адам Алматыдағы президент резиденциясына басып кірген. Жүк көлігі темір қоршауды бұзып өтіп, наразы топ ішке кіргенде күш құрылымдары оқ атқан.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда өртенген жүк көлігі.

Резиденция түбінде қанша адам қаза тапқаны белгісіз. Бірақ ресми ақпарат бойынша, сол күндері Алматыда 151 адам опат болған.

Қазір сол қантөгісті тек ескі ғимараттың қалдығы ғана еске салады. Бүлінген ғимаратты еске салатын фрагментті айнала шыны қоршау орнатылыпты. Ешқандай жазу жоқ. Алматы әкімдігі Азаттық Азия редакциясына берген жауабында ол жерге жақын арада анықтама жазбасы қойылатынын хабарлады.

— Ескерткіш ретінде қалдырған шығар, — деді скверде қыдырып жүрген егде жастағы ер кісі мен әйел ескі ғимараттың бетон қалдығының қасынан өтіп бара жатып.

Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген президент резиденциясының орнында осындай ескерткіш пайда болды. 29 қазан, 2025 жыл.

Жаңа сквер резиденция сыртындағы ескі саябаққа жалғасып, үлкен алаңға айналған. Жұмыс әлі аяқталмаған — түрлі жерде жұмысшылар еңбек етіп жатқаны байқалады. Бірақ негізгі жұмыс біткен.

Алматыдағы жаңа сквер. 29 қазан, 2025 жыл.

Жаңа бақ серуен мен фотосессия үшін танымал орынға айналған. Жұп болып серуендеп жүрген жас адамдар, ойнап жүрген балалар көп. 41 жастағы алматылық Қосай Маханбаевпен осы скверде жүріп сөйлестік. Қаңтар оқиғасы кезінде осы резиденцияға жақын маңда оған оқ тиді. Екеуі аяғына, біреуі жамбасына тиген үш оқ та денесін тесіп өткен.

Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп жараланған алматылық Қосай Маханбаев. 29 қазан, 2025 жыл.

— Қаңтар оқиғасынан кейін, тіпті жалпы өмірімде осы жерге алғаш келгенім, — дейді ол жан-жағын барлап.

Қосайдың айтуынша, резиденция жақтан оқ жауғанда ол Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының арғы жағында — Мемлекеттік музей жанында тұрған. Саябақта алаңсыз қыдырып жүрген адамдарды көрген Қосай өмірін астан-кестен қылған сол күндерді еске алды.

— Міне мына шарбақ. Білесіз бе, соны және осы жерді көргенде жылағым келмейді, айқайлағым келеді, — деді Қосай кемсеңдегісі келгендей болып. — Сол видеоны миллион рет көрдім. Осы жерге (резиденция шарбағын көрсетіп, — ред.) бір жігіт жүгіріп келді. Осы ағаштың түбіне отырды. Бір жұлқынды, екі жұлқынды, сөйтіп жатып қалды. Артынан бір топ оны шығарып аламыз деп жүгіріп келді. Оларды "сұлатып салды". Меңіреу құсты атса, қалғаны қызық үшін ұшып келеді де, соларды біртіндеп атып алады ғой. Мұнда дәл солай болды. Міне – оқ іздері.

Қосай Маханбаев іргетастағы оқ іздеріне қарап тұр.

Ол қабырғаның тесігі көп іргетасын көрсетті. Ағаштарға мұқият қараса, жамауға ұқсайтын домалақ белгілерді көруге болады. Маханбаев жамаулар оқ тиген жерлерді бүркемелеу үшін жасалғанға ұқсайтынын айтады.

— Анау жақтан (саябақтың орталығына, бұрын резиденция болған жерге сілтеді — ред.) атты. Оқ жол-жөнекей осы жерге (қабырға іргетасы мен ағаштарды көрсетіп) тиіп жатты, — деді Қосай 2022 жылғы 5 қаңтардағы оқиғаның ретін баяндап. — Анау жерде (жолды көрсетіп) маған оқ тиді. Бір жігіт құлап түскенін көргенмін. Соған жүгіріп барып, оны көтермек болдым. Сөйткенше болмады, мені жұлып түсті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтардан соң арбаға таңылған Жәмиланың талабы

Қатты қансыраған Қосайды ондаған адаммен бірге жүк көлігімен ауруханаға жеткізген. Арасында жараланып, тірі қалғандар да, жан тәсілім еткендер де болған. Қосай ауруханада үш-ақ күн жатқан. Содан соң қарулы жасақ келіп, оны және жаралы болып түскен өзге емделушілерді Алматының шетіндегі тергеу изоляторына алып кеткен. Қосай ол жерде қатты азапталғанын айтты. Тергеу изоляторындағы қорлау мен азаптау жайлы қамауда болған өзге адамдар мәлімдеген. Бірақ олардың арызы бойынша қозғалған істер жабылып қалды. Бірде "қылмыс құрамы жоқ" деген, бірде азаптаушыларды "анықтау мүмкін болмады" деген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оқ тиіп, жарақат алған Қосай Маханбаев. 29 қазан, 2025 жыл.

Саябақтың адам аз жүрген жеріндегі оқ іздерін қарап шыққан соң өртке оранған резиденцияның орнына беттедік.

— Бірінші президенттің алпауыт резиденциясы не үшін қажет болды дейсіз бе? Бұл – халықтың өшпенділігі еді! Адамдар мұнда ішкі зарын төгу үшін келген, — деді Қосай.

Президент резиденциясындағы сынған орындық. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл.

РЕЗИДЕНЦИЯНЫҢ ТАРИХЫ ҚАНДАЙ?

Сүрілген ғимараттың тарихы совет кезінен басталады. Қазақ ССР-і компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Алматыда Ленин музейін салуды тапсырған. Сөйтіп ол музейдің құрылысы 1983 жылы басталды. Бірақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін құрылыс тоқтап қалды. Совет одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы құрылыс қайта жанданды. Бірақ ғимарат музей емес, президент резиденциясы ретінде салынатын болды.

Резиденция аумағы биік қабырғамен қоршалып, оны күш құрылымдары күзетті. 1997 жылы мемлекет астанасы Алматыдан Ақмолаға ауысқанға дейін ол Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кеңсесі болды. Астана ауысқан соң да резиденциядан күзет кетпеді. Назарбаев Алматыға сапарлағанда сол жерде кездесу өткізетін. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев та ғимаратты осы мақсатта пайдаланып жүрді.

Қаңтар оқиғасы кезінде ғимарат тоналып, өртке оранған соң оны архитектуралық ескерткіштер тізімінен шығарып, сүріп тастады.

СКВЕРДЕГІ СЕРУЕН КЕЗІНДЕГІ "ҚҰБЫЛМАЛЫ КҮЙ"

Бақылау камераларындағы бейнежазбаларға қарағанда, қанды оқиға күндері резиденцияға мыңдаған адам шабуылдаған. Бірақ жауапқа тек ондаған адам тартылды. Қосай солардың бірі болды. 2024 жылғы маусымда оны "ғимаратқа шабуылдады" деген айыппен бір жыл тоғыз айға соттады. Апелляциялық инстанция мерзімді бір айға қысқартқан. Сөйтіп ол бір жыл бұрын бостандыққа шықты.

Қосай Маханбаев жанып кетен президент резиденциясының алдында. 29 қазан, 2025 жыл.

Бұрынғы резиденцияның орнындағы ескерткішке тоқтаған Қосай бұл қабырға сол күндері не болғанын еске салатынын айтты.

— Оны қалдырғаны ар-ұят пен түсінік барын көрсетеді, — деді Қосай. — Мен оны Қаңтардың нағыз ескерткіші деп санаймын. Бұл — әсіресе шенеуніктер үшін ескерту. Кім бастады деген әңгімені қанша қаузасақ та, адамдар біреудің мүддесі үшін шықпады, олар өз еркін білдіру үшін, 30 жылдағы тирания мен диктатурадан шаршағанын білдіру үшін шықты. Жерімізде Менделеев кестесі түгел бар, соның ешқайсысы халыққа да, тіпті мемлекетке тиесілі болмай қалды.

Түс әлетінде сквердегі серуендеушілер қатары артты. Қосай ойнап жүрген балалар мен қыдырып жүрген жас жұптарға қарап, бұрын бұл жер президент әкімшілігі мен күзетінен өзгелерге жабық болғанын атап өтті.

— Таза ауа жұтқандай болдым дей алмаймын. Бірақ бұрын мұнда мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы жұмсалатын өлі ескерткіш (резиденция — ред.) тұрған. Ал қазір, міне, адамдар серуендеп жүр. Құбылмалы күйдемін. Мына жер (резиденцияның фрагментін көрсетеді) — ескі Қазақстан, ал мына жер (серуендеп жүрген адамдарды көрсетеді) — қазір айтып жүргендей, жаңа Қазақстан. "Жаңа Қазақстан" дәл осылай ашық және қолжетімді болсын.

Алматыдағы жаңа сквер. Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген президент резиденциясының орнына ашылған. 29 қазан 2025 жыл.

"ІШІМ АЛАЙ-ДҮЛЕЙ"

Кейінгі үш жылда Қосайдың өмірінде өзгеріс көп болды. Анасынан айырылды, қылмыстық қудалау салдарынан банкрот болды (дәмхана кәсібімен айналысқан), сүйікті жар тауып, ұлды болды.

Қазір ол үкіметпен соттасып жүр. Қамауда "артығымен" отырғаны үшін (жаза мерзімі өткен соң оны бірден босата қоймаған) мемлекеттің үстінен арызданған, бастапқы үкімге апелляциялық шағым түсірген. Қосай өзін жазықсыз санайды, кінәсі дәлелденбегенін айтады. Құқық қорғаушылардың көмегіне сүйенген ол мемлекет жауып тастаған азаптау істерін назар аудартқысы келеді.

— Бірақ бар ойым [сот істеріне] бағытталған деп айта алмаймын. Әділдік орнайды деп ойламаймын. Мен қазір қалыптасқан ахуалды қабылдай білдім. Бір нәрсе өзгереді деген қиял жоқ. Тергеуде жатсам да салық бойынша өсімпұл жиналып қалыпты. Оның үстіне азапталған соң басымда үш ісік пайда болған, тұрақты ем қабылдап жүрмін, —дейді Қаңтар оқиғасының қатысушысы.

Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, жарақат алған Қосай Маханбаев атыс қай жерде болғанын көрсетіп тұр. 29 қазан, 2025 жыл.

Саябақтан сыртқа шығып барамыз. Ол жерде үлкен тас орнатылып, оған ағаш бейнесіндегі инсталляция жабыстырған. Бәлкім бұл қоршаған ортаны қорғауға үндеу болар. Тасқа "Orbis Group алматылықтармен бірге" деген жазуы бар тақтай ілінген. Бұл — осы скверге демеуші болған компанияның аты.

Саябақ әлі ресми түрде ашылмаған. Әуелі қазан айындағы Республика күніне орай ашу көзделген, бірақ үлгермеді. Енді қараша айында ашқысы келеді.

Алматыдағы президент резиденциясының орнына ашылған сквер. 29 қазан 2025 жыл.

Алматы әкімдігінің BES.media ақпарат порталына хабарлауынша, скверге демеушілер есебінен 2,2 млрд теңге (шамамен 4,15 млн доллар) жұмсалған.

Ал осы ғимаратты сүруге үкімет 6 млрд теңге бөлген. Билік резиденцияны жөндеу одан да қымбатқа шығады деген.

Баспасөз құралдары президент істері басқармасына сілтеп, резиденцияның бірінші қабатында "бүлікшілер айдап кірген көлік өртеніп, жарылған", жоғарғы қабаттағы конструкциялар өрттің әсерінен балқып кеткен. Президент телерадиокешені түсірген деректі фильмде президент істерін басқарушы Айбек Дәдебаев сарапшылардың қорытындысына сүйене отырып, ғимарат қалпына келтірілген жағдайда ары кетсе 20 жыл ғана тұратынын айтқан.

Резиденцияға демонтаж жасау 2022 жылғы қазанда аяқталған. Одан кейінгі үш жарым жылда аумақ билік бітеу темір қабырғамен қоршалып тұрды. Оны жақында ғана алды.

Шығар кезде Қосай ағаш бейнесі бар тастың жанындағы сәкіге отырды.

— Көзіме жас келіп отыр. Ішім алай-дүлей. Әлі босатпаппын. Бәрі бітті деп ойлағам. Олай емес екен. Ауыр, — дейді ол терең ойға батып.

Тасты көрген адамдар жақындай келіп суретке түскісі келді. Қосай орнынан тұрып, саябақтан шығып кетті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тарих әркімге бағасын береді". Қаңтар ісі: үш оқ, изолятордағы азап пен ауыр айып