Тоқаев: Путин артқа шегінбейді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт пен Ресей президенті Владимир Путин.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев New York Times газетіне берген сұхбатында Трамп әкімшілігінің Орталық Азияға көзқарасы жайлы және Украинадағы соғыс пен Путиннің позициясы туралы айтты.

Тоқаев Дональд Трамптың әкімшілігі Джо Байденнің әкімшілігіне қарағанда "саяси тұрғыда көп прагматизм көрсетіп жатқанын" айтқан.

"Бұл – мүлде бөлек қарым-қатынас. Мұнда Орталық Азияның маңызын жақсы түсінеді" дейді Тоқаев.

New York Times басылымы Байден 2023 жылы "Орталық Азия + АҚШ" саммитін БҰҰ Бас ассамблеясы аясында өткізгенін, ал Трамп Орталық Азия лидерлерін Ақ үйде қабылдағанына назар аударған.

Қазақстан президенті Украина мен Ресей арасындағы атысты тоқтату "мүмкін" деп санайды және Қазақстан Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөзді ұйымдастыруға алаң ұсына алатынын мәлімдеді.

Тоқаев басылымға берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин "елінің ішіндегі қоғамдық пікірдің ықпалына байланысты енді артқа шегінбейді" деген.

"Путин барынша жұмсақтық танытқанын мойындау керек. Меніңше, Путин алға үлкен қадам жасады" дейді Қазақстан басшысы.

New York Times мақаласында ресми Астана Ресейдің Украинаға ашқан соғысында ұстанымы бейтарап екенін, Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен де, Ресей президенті Владимир Путинмен де жолыққанын атап өткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вольфрам кеніші, Boeing ұшағы һәм Ибраһим келісімі. Ақ үйдегі саммит Астана үшін қалай аяқталды?