Accessibility links

Украина Ресейдің екі қаласындағы нысандарға дронмен шабуылдады


Ресейдегі Владимир қаласына украиналық дрондар шабуылдап жатыр (архивтегі фото).
Ресейдегі Владимир қаласына украиналық дрондар шабуылдап жатыр (архивтегі фото).

5 қарашаға қараған түні украиналық дрондар Ресейдің екі облыс орталығы — Владимир мен Орел қалаларындағы инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасаған. Бұл туралы сол өңірлердің билік орындары мен ресейлік Telegram арналары хабарлады.

Владимир облысында қала шетіндегі энергетика нысандары украин дрондарының шабуыл нысанасына айналған. Аймақ губернаторы Александр Авдеев шабуылға ұшыраған нысандарда түн мезгілінде төтенше қызметтер жұмыс істеп жатқанын, ал салдарына жою сәрсенбі күні таңертең басталатынын айтты. Шенеунік халықтың өмір сүруін қамтамасыз ету жүйелері әдеттегідей жұмыс істеп тұр деп хабарлады.

Орел облысының басшысы Андрей Клычков та дрондар шабуылдағанын растады. Оның дерегінше, радиоэлектрондық күрес құралдары екі дронды атып түсіргенімен, жеті жеке үй мен бір көпқабатты ғимараттың әйнектері зақымданған. Адамдар зардап шекпеген.

Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс бастағалы бері өз аумағындағы түрлі нысандар үнемі шабуылға ұшырайтын болған.

2024-2025 жылдары мұндай шабуылдар көбіне мұнай өңдеу зауыттарын нысанаға алатын. Украина Қарулы күштерінің Бас штабы мұндай операциялар Ресейдің әскери әлеуетін әлсіретіп, оны соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу мақсатында жүргізіледі деп бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG