Ресей түнде Украинаның бірнеше облысын дрон және ракеталармен атқылады. Днепропетровск, Сумы, Киев, Кировоград, Николаев, Полтава, Харьковь облыстары және Киев қаласына шабуыл жасалды.
Бірнеше электр станциясына соққы жасалғаны хабарланды. Харьковта метро тоқтады, электр және сумен қамтамасыз ету жүйесінде ақау пайда болды. Электр көліктері автобустармен алмастырылды. Қалада жылыту пунктері ашылды.
Мэр Виталий Малецкийдің хабарлауынша, Кременчугте шабуылдың салдарынан электр желісі үзілген. Жақын маңдағы Хоришни-Плавни қаласы жарықсыз қалған. Қалада соғысқа дейін 200 мыңнан астам адам тұрған.
Шабуылдың салдарынан Полтава облысында темір жол инфрақұрылымы бүлінді. Харьковты Батыс Украина және Киевпен жалғайтын бірнеше пойыз кешіккен.
Днепрде ресейлік дрон тоғыз қабаттық тұрғын үйге құлап, пәтерлер қирады. Бір адам қаза болды.
- Украинаның ресми орындары нақты қандай инфрақұрылымдардың қирағанын әзірге айтпады. Ресейшіл әскери блогерлердің дерегінше, Ресей әскері Киев облысындағы Триполь жылу электр орталығына, Харьков облысындағы - Змиев, Днепрдегі жылу электор орталығына, Кременчуг су электр станцияларына шабуылдаған. Шабуыл кезінде дроннан бөлек кемінде баллистикалық 10 "Искандер-М", "Кинжал", "Калибр" және Х-69 ракеталары қолданылған.