Accessibility links

Қазақстан Еуропа мұнай нарығында Ресейдің орнын баса ала ма?


Финляндия президенті Александр Стубб Қазақстанды Ресей мұнайын алмастыратын Еуропаның бас серіктестерінің бірі деп атады. Ресейдің кей басылымдары Қазақстанның мүмкіндігіне күмән келтірді. Еуропаның энергия нарығында Астана Мәскеудің орнын баса ала ма?

Финляндия президенті Александр Стубб 28 қазан күні Астанаға сапары кезінде Қазақстанның Каспий арқылы өтетін бағыттары мен Транскаспий дәлізі Еуропаның энергия қауіпсіздігін арттыруда маңызды екенін айтты.

"Қазақстан энергетика саласында шешуші рөл атқарады. Маңызды екі тұсын айтайын. Біріншіден, Еуропа одағы – Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі. Сауда айналымының көлемі жылына 50 миллиард еуродан асады. Екінші орында — Қытай, үшінші орында — Ресей. Бұл Қазақстан мен Еуроодақтың бір-біріне ерекше тәуелді екенін көрсетеді. Екіншіден, Еуропа Ресейдің сұйытылған газ, мұнай сынды энергетика ресурстарынан біртіндеп бас тартып жатыр. Қажеттілік 80 пайыздан асады, сондықтан балама энергия көзіне сұраныс артты. Мұндайда Қазақстан маңызды рөл атқарады" деді Финляндия президенті Александр Стубб "Қазақпарат" агенттігіне берген сұхбатында .

Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері Еуропа басқыншы мемлекеттің энергетика ресурстарынан толық бас тарту жолдарын қарастырып келеді. 8 қазанда Еуроодақ бұл жоспарды 2028 жылы іске асыруға уағдаласты. Батыс елдері Ресей экспорттан түскен табыстың көп бөлігін соғысты қаржыландыруға жұмсайды дегенді алға тартады. Бұдан бөлек АҚШ жуықта Ресейдің "Роснефть", "Лукойл" компанияларына санкция салып, олардан мұнай импорттауға шектеу қойды.

Финляндия президентінің бұл мәлімдемесін Ресей басылымдары елеусіз қалдырмады. Ресейлік сарапшыларға сілтеп, Қазақстан қайтсе де Еуропаға керек Ресей мұнайының орнын баса алмайды деп жазды.

РЕСЕЙ БАСЫЛЫМДАРЫ НЕ ДЕДІ?

Сарапшылар әсіресе Қазақстан шетелге сататын мұнайының 80 пайыздан астамын әлі де Ресейдегі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспорттайтына баса назар аударған. Бұл КҚК құбырын кейбір сарапшы "Мәскеудің Астанаға қысым көрсету құралы" деп те есептейді.

"Қазақстан қазірдің өзінде негізгі энергия ресурстарын Еуропаға жеткізіп отыр. Көлемін одан ары арттыруға мүмкіндігі жоқ. Ал газға тоқталсақ, экспортты керісінше азайтып жатыр. Себебі ел ішінде сұраныс өсіп келеді, ал өндіру көлемі бұрынғы деңгейде. Демек Қазақстанның экспорттайтын газы азайып барады. Тіпті "Газпромнан" импортты ұлғайту үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Алдағы жылдары маусымдық импортты күшейтуі мүмкін. Яғни жылыту маусымында көбірек алады" деді Ресей федералдық үкіметі жанындағы Қаржы университетінің сарапшысы Игорь Юшков News.ru сайтына.

Кей сарапшы Қазақстанның логистика және орналасу тұрғысынан Ресейге кіріптар екеніне назар аударады.

"[Мұнай] ағымдарын Ресейді айнала жөнелту амалы экономикалық емес, саяси мақсатты көздейді, ол [тасымал] диверсификациясына емес, нарықтың тұрақсыздығы алып келеді". Кремль пропагандасын жиі жариялайтын "Царьград" ресурсы әскери және саяси шолушы Игорь Головневтің осындай пікірін берді.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚУАТЫ ЖЕТПЕЙДІ"

Қазақстан расымен Еуропаға қажет Ресей мұнайының орнын баса ала ма? Ресми Астана әзірге бұлайша Ресейдің жанды жеріне тиетін мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ бұған дейін, 2022 жылы сол кездегі энергетика министрі Болат Ақшолақов "Еуропа Ресей мұнайын алмай қойса, оған керек қара алтынды Қазақстанның тауып беруге мүмкіндігі жоқ" деп, Ресей сарапшысының жоғарыдағы пікірін айтқан. Экс-министр Қазақстанда мұнай өндіру қуаты Ресейдің экспорт көлемін алмастыруға жетпейді деген. Ақшолақовтың сөзінше, Еуропаға қосымша мұнай жеткізу үшін жаңа кен орындарын бұрғылап, үлкен инвестиция салу қажет.

Соғыс басталмай тұрып, 2021 жылы Ресей Еуропаға 173,2 млн тонна мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттаған. Ол Еуроодаққа мұнай тасымалдайтын нөмірі бірінші ел болды. Бұл кезде Қазақстан Еуропаға 36 млн тонна мұнай мен оның өнімдерін жіберген. 2022 жылы Еуроодақ Ресей мұнайынан бас тартты. Қазақстан Еуропаға жіберетін мұнай көлемін 26,5 пайызға ұлғайтты. Сонда да соғысқа дейінгі Ресейдің әлеуетіне жете алмады.

Өйткені жыл сайынғы мұнай өндіру көлемі шектеулі. Мысалы, 2021 жылы Ресей 524 млн тонна мұнай өндірсе, Қазақстанның 85,9 млн тонна шикізат өндіруге шамасы жетті. Ел былтыр Еуропаға ең көп мұнай жіберетін топ үштікке еніп, тәулігіне 1 млн баррель айдады. Бірінші орында тәулігіне 1,4 млн баррель мұнай беретін АҚШ, екінші орында 1,1 млн баррель мұнай тасымалдайтын Норвегия тұр. Алайда ешқайсысы Ресейдің межесіне жетпеді. Мәскеу соғысқа дейін Еуропа елдеріне тәулігіне 3,5 млн баррель мұнай өнімдерін айдаған.

"САЯСИ ҚҰРАЛ"

Бұл жолы Мәскеудің Астанаға ықпал ететін "саяси құралы" туралы аз айтылды. Бірақ соғыс басталғалы бері сарапшылар Кремльдің Ақорданың еркінсіген әрекеттеріне берген жауаптарын "қысымға" балап келеді. Ең басты түйткіл: Қазақстан Еуропаға айдайтын мұнайдың 80 пайызға жуығы Ресейде орналасқан Каспий құбыр консорциумы арқылы өтеді.

2022 жылы 3 маусым күні Ресей порттары арқылы сатылатын қазақ мұнайына KEBCO — Kazakhstan Export Blend Crude Oil деген атау берілді. Бұл санкцияға іліккен Ресей мұнайынан ажырату үшін жасалды. Соғысқа дейін қазақ мұнайы Ресейдікімен араласып, REBCO немесе Urals деп аталып жүрген.

Қазақ мұнайына KEBCO атауы берілген соң бір айдан кейін 2022 жылы шілдеде Қазақстан президенті Еуропа одағының президентімен сөйлескен. Әңгімеде Қасым-Жомарт Тоқаев Еуроодақтағы энергия тасымалдаушы тапшылығы мәселесін шешуде қол ұшын созуға дайын екенін айтқан. Ертеңіне Ресей Каспий құбырының жұмысын бір айға тоқтатып тастады. Ресми түрде техникалық себептер айтылды.

2022 жылы Ресей құбыр жұмысын 4 рет тоқтатты. 20 жылдық тарихында мұнай құбыры бұлай ұзақ уақыт істен шықпаған. Әр тоқтаған сайын жөндеу жұмыстары, совет заманындағы бомбалардан тазарту деген сияқты түрлі себеп айтылды. Бұған көп сарапшы сенбеді. Олар КҚК Мәскеудің Астанаға қысым жасау құралына айналды деген.

Ресми Астана Ресейдің Украинаға агрессиясын ашық қолдаған да, қарсы шыққан да жоқ. Қазақстан дауды халықаралық құқық нормаларына сай бейбіт жолмен реттеуге шақырады. Астана Мәскеуді "стратегиялық серіктес және одақтас" деп санайды және Ресеймен бірлескен түрлі халықаралық ұйымдарға кіреді. Есесіне Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеп келеді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы маусымда Санкт-Петербургте өткен экономикалық форумда Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарын "мойындамайтынын" мәлімдеген. "Халықтардың таңдауы орындала берсе, жер бетінде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, 500 я 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымдарына да қолданамыз" деген.

Сол мәлімдемеден кейін де құбыр жұмысы ішінара тоқтаған. Сарапшылар мұны "кездейсоқтық емес" деп атап, Мәскеу Астанаға осылай қысым жасады деп болжам айтқан.

Ресей құбырды тоқтата берген соң Қазақстан мұнайды Батысқа жеткізу үшін балама бағыттар іздей бастады. Негізгісі Каспий теңізі арқылы Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры және Баку–Супса порты арқылы тасымалдауды қолға алды. Тағы бір жолы – Ақтау портынан танкерге құйып жөнелту. Бірақ бұл жолдар құбырмен салыстырғанда тиімсіз. Каспий теңізі арқылы Қазақстан экспортының 5–7 пайызын ғана жабады. КҚК арқылы жылына 50-60 млн тонна мұнай айдалса, Баку бағытының шамасы 1,5–3 млн тоннаға дейін жетеді.

"ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙДІҢ ОРНЫН БАСА АЛМАЙДЫ"

Қазақстанның Еуропаға жіберетін мұнайының басым бөлігі Ресей жері арқылы жеткізіледі. Осы орайда Еуропаның Ресейді айналып өтіп, Қазақстаннан мұнай алатындай мүмкіндігі бар ма? Азаттық осы сұрақты экономика шолушысы Айбар Олжаймен талқылады.

Сарапшы Қазақстан мұнайы негізінен Ресей жері арқылы өтетін КҚК және Өзен–Атырау–Самара құбырлары арқылы экспортталатынын айтады.

– Біздің 69 млн тонна экспортымыз бар, соның шамамен 85 пайызы осы екеуі арқылы Ресей жерінен өтеді. Ресейді айналып өтіп, Еуропаға тікелей тасудың бір-ақ жолы бар. Ол – Транскаспий [дәлізі]. Барлығын Ақтау портына апарып, содан кейін танкермен Каспий [теңізі] арқылы Әзербайжанға тасып, Әзербайжанда танкерден құбырға құйып, оны Түркия жері арқылы Еуропаға шығару мүмкіндігі бар. Енді ол өте қымбат және өте қиын. Біздің де, Әзербайжанның да инфрақұрылымы бұған толық дайын емес. Ал Ресей инфрақұрылымы дайын, әрі арзан. Сондықтан бізде мұнай өндіретін шетелдік әріптестеріміз де КҚК арқылы тасып жатыр, – дейді Айбар Олжай.

– Жасыл энергия, баламалы көздер дегенмен, Еуропа экономикасы үшін мұнайдың аса қажет екені байқалып тұр. Қазақстан бұл сұранысты өтеуге шикізат тұрғысынан және саяси ерік-жігер тұрғысынан дайын ба?

– Шикізат тұрғысынан дайын болғанда, біз онсыз да мұнайдың бәрін Еуропаға шығарып отырмыз ғой. 69 млн тоннаның ішінде 67 млн тонна Еуропаға, 1,5 млн тонна Қытайға кетеді. Болды. Бізде Еуропа мен Қытай ғана. Еуропаның ішінде ең көп алатыны Германия. Біз Италия деп көрсетеміз, өйткені Италияның Триест портына барады. Сол жақта италиялық деп тіркеледі. Бірақ шын мәнінде ол Италия емес. Германияның шамамен 12 мұнай өңдеу зауыты бар, соның барлығы біздің мұнайды Италияның Триест портынан алады. Сол үшін Италия мен Германия – біздің мұнайдың негізгі сатып алушысы. Одан кейін Түркия, Болгария бар. Нидерланд мемлекеті де біздің мұнайды өте жақсы алады. Сонымен қатар Франция да алады.

– Бұған дейін Еуроодақ мұнайды Ресейден алып келді. Сол Ресейден алатын мұнайын енді Қазақстаннан алатын болса, Қазақстанға мұнай өндірісін арттыруға тура келмей ме? Қазақстанның оған мүмкіндігі бар ма?

– Енді "Қаламқас-Хазар" [кен орнынан] мұнай таппай жатырмыз. Сондай ойымыз болған. Ал "Теңіз" кенішінің ПБР ("Проект будущего расширения" немесе "Болашақ кеңейту жобасы" – ред.) деген жобасы болды. Иә, ол кеңейтті, бірақ ол 12 млн [тонна] ғана береді. Біздің асыл арманымыз мұнай өндірісін 100 млн тоннаға жеткізу ғой. Қазір жылына 88-90 млн тонна айналасында өндіріп отырмыз. Жарайды, оны 100 млн тоннаға жеткіздік делік. Бірақ бізде ішкі нарықтың сұранысы да бар. Ішкі нарыққа кем дегенде 20-22 млн тонна керек. Әйтпесе, өзіміз жанармайсыз отырамыз. Сонда қалатыны бәрібір 78-80 млн тоннаның айналасы. Ол Ресей Еуропаға беріп келген көлемнен әлдеқайда аз. Қазақстан бұл жағынан Ресейге жетпейді. Бір тәулікте өндірілетін мұнай көлемі картасын қарасақ, біз соның 1,7-2 пайызын ғана аламыз.

– Қазақстан мұнайы Еуропаға басқа да балама жолдармен жеткізілетін жол табылып жатса, Мәскеу жақтан қандай да бір кедергілер болуы мүмкін бе?

– Негізі біздің көздеп отырғанымыз болашақта Каспийдің табанымен Әзербайжанға қарай тікелей мұнай құбырын салу ғой. Дәл соны іске асыратын болсақ, бізге үлкен кедергілер болатын сияқты. Себебі Кремль қазір санкцияға тап болып отырса да, санкция ертелі-кеш аяқталады, сол кезде позициямызды қайтарамыз деп отыруы мүмкін. Сондықтан олар осы бос тұрған стратегиялық орынға ешкімнің жайғасып алуына жол бермейтін сияқты. Сөйтіп біздің Әзербайжанмен тікелей мұнай құбырын салу жоспарымызға Кремль қарсы шығатыны анық.

– Қазақстанның мұнайын Еуропаға жеткізу мәселесінде Ақорда мен Кремльдің арасында қандай да бір кикілжің, келіспеушілік болуы мүмкін бе?

– Дәл қазір оны көріп отырған жоқпыз. Себебі біз жеткізіп отырған мұнай көлемі Ресей ауқымына қарағанда көп емес. Сондықтан біз оларға бәсекелес болып көрініп тұрған жоқпыз. Бірақ енді болашақта үлкен геосаяси шиеленіс, қақтығыс болып, бізді өз жағынан ыңғайлайын десе, бір-ақ күнде Атырау-Самара мен КҚК-ны жауып тастаса, онда болды, біздің бүкіл Еуропамен мұнай жөніндегі байланысымыз үзіледі. Оның бәрі Ресейдің қолында. Бұл тұрғыда Кремльде бізге ықпал ету тетіктері бар. Бірақ екінші жағынан, КҚК жұмыс істеп тұрғаны Кремльге қандай да бір ақша әкеліп тұр ғой. Оның акционерлері қатарында "Транснефть" бар, одан да кішкене пайда табады. Ол жерден де түсіп жатыр. Сондықтан бұл тетікті құртпай, келіссөздерде өзіне артықшылық беретін жақсы құрал ретінде сақтауы мүмкін.

XS
SM
MD
LG