Американың Орталық Азиямен қарым-қатынасы қалай өзгеріп жатыр? Вашингтон аймақтағы адам құқықтары мен сөз бостандығына қаншалық мән береді? АҚШ конгресі өкілдер палатасының мүшесі Сидни Камлагер-Давтың Азаттыққа эксклюзив сұхбаты.
"МИРЗИЯЕВПЕН КЕЗДЕСУ ӨЗБЕКСТАН БАСТАМАСЫМЕН ӨТТІ"
Азаттық: Біз бұл сұхбатты Орталық Азия елдерінің президенттері Ақ үйде Дональд Трамппен C5+1 саммиті аясында кездесіп жатқан сәтте жазып отырмыз. Сіз жуырда президент Трампқа аса маңызды минералдар, қауіпсіздік және Американың жұмсақ күші бағытындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында осы саммитті өткізуді сұрап хат жаздыңыз. Саммиттің күн тәртібімен таныссыз ба және жалпы оған қатысты пікіріңіз қандай?
Камлагер-Дав: Шақырғандарыңызға рақмет. Ең алдымен осы C5+1 саммиті өтіп жатқанына қуаныштымын. Дональд Трампқа хат жазуымның бір себебі де осы саммитті өткізу мәселесі болатын. Мен қатысқан кездесулерде президенттер бұл саммитті байыппен қабылдап, ат салысып жатқанымызға риза екенін айтты. Өздеріңіз білетіндей, биыл бұл форумның құрылғанына 10 жыл толды. Сондықтан алдағы он жылдағы ынтымақтастығымыздың бағытын айқындауға бұл — ең қолайлы сәт.
Азаттық: Кеше сіз Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кездестіңіз. Бұл кездесу кімнің бастамасымен өтті? АҚШ бұл серіктестікті кеңейту үшін Мирзияев үкіметінен қандай нақты реформаларды күтеді?
Камлагер-Дав: Бұл кездесу Өзбекстан бастамасымен өтті. Мен Орталық және Оңтүстік Азия істері жөніндегі қосымша комитеттің жетекші мүшесімін, сондықтан комитет үшін бұл елмен қарым-қатынас орнату өте маңызды.
Кездесу өте мазмұнды өтті: реформалар, ауған әйелдерінің жағдайы, діни бостандық, білім берудің маңызы, еңбек реформасы жайында сөйлестік. Бұлардың барлығы – мен үшін де, АҚШ үшін де аса маңызды құндылықтар.
Әрине, біз Джексон–Вэник түзетулерінің күшін жою туралы да айттық. Бұл Орталық Азияның көп елі үшін маңызды екенін білемін. Сондай-ақ аса маңызды минералдарға қатысты пікір алмасып отырудың да мәні зор.
САУДА-САТТЫҚТА НЕ ӨЗГЕРТЕДІ?
Азаттық: Бұл түзету туралы айтқаныңыз өте жақсы болды. Жақында біз жаңалықтардан АҚШ конгресінің мүшелері Орталық Азия елдеріне қалыпты сауда қатынастары мәртебесін беру туралы екі заң жобасын ұсынғанын естідік. Сіздің Орталық Азия елдеріндегі қырғиқабақ соғыс кезінен қалған сауда шектеулерін алып тастау идеясын қолдайтыныңыз белгілі. Вашингтон Қазақстан мен Өзбекстанды Джексон–Вэник түзетуінен шығарып тастаса, бұл елдердің сауда қатынастарына нақты өзгеріс әкеле ме?
Камлагер-Дав: Өте жақсы сұрақ. Айтпақшы, мен Өзбекстан президентіне елдің ұлттық құрамасы Лос-Анджелесте өтетін Әлем чемпионатына қатысқанда оны өз округімде тағы да қуанышпен қарсы алатынымды және бұйырса, 2028 жылы Олимпиада ойындары кезінде тағы да кездесуіміз мүмкін екенін айттым.
Өздеріңіз білетіндей, Джексон–Вэник — қырғиқабақ соғыс дәуірінің ескі сарқыншағы, сауда мен ынтымақтастықты арттыру жайлы сөз болғанда бұл заң тынысты тарылтып жібереді. Бұл – бізге ынтымақтастықты тереңдетуге кедергі келтіретін тосқауыл.
Менің білуімше, біз сыртқы істер жөніндегі қосалқы комитет арқылы Джексон–Вэниктің күшін жою бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ Өкілдер палатасының салық және бюджеттік саясат комитетінде де осыған ұқсас талқы жүріп жатыр. Сол себепті, өзіңіз атап өткендей, мен екі партия өкілдері қол қойған хатқа бастамашы болдым. Онда мемлекеттік хатшы Рубиоға конгресстің мықты қолдауымен Джексон–Вэникті алып тастауды басымдық ретінде қарастыруды сұрадық.
Бірақ айта кету керек, виза шектеулері мен Трамп енгізген тарифтер де тиімді экономикалық ынтымақтастық пен серіктестікті дамытуға көп септігін тигізбей отыр.
Азаттық: Осы серіктестік пен ынтымақтастық туралы айтқанда, АҚШ пен Орталық Азияның бес елі арасындағы қазіргі қатынастар деңгейін қалай бағалар едіңіз? Мысалы, Қазақстанмен қарым-қатынас тұрғысынан алсақ, осы уақытқа дейін АҚШ қай бағытта ең тиімді жұмыс істеді деп ойлайсыз және алдағы жылдары өңірде неге басымдық беру керек?
Камлагер-Дав: Айта кету керек, Орталық Азия АҚШ-пен арасы ең күрделі елдер — Ресей, Қытай, Иран және Ауғанстанмен шектесіп жатыр. Бұл Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен ынтымақтастықта атқарар рөлі қаншалық маңызды әрі шешуші екенін көрсетеді.
Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты тереңдету біз үшін өте маңызды. Жаңа сауда жолдарын ашу, аймақ экономикасындағы Ресей ықпалын азайту жолдарын қарастыру да маңызды. Сондай-ақ ұлттық егемендіктің маңызы, Талибан қаупі астындағы ауған әйелдері мен қыздарын қолдау ісін жалғастыру — басты басымдықтарымыздың бірі.
Сонымен қатар Азат Еуропа/ Азаттық радиосының қызметін қолдау және журналистердің үздіксіз аккредитацияға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін талпыну да өте маңызды. Өйткені БАҚ-тағы ашықтық пен жауапкершілік, сондай-ақ басқа елдердің пропагандасына қарсы тұру — біздің ортақ құндылығымыз әрі басты міндетіміз.
"ҚАТЕРГЕ ҚАРАМАЙ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮРГЕН ЖУРНАЛИСТЕРГЕ МҮМКІНДІК БЕРІЛУІ КЕРЕК"
Азаттық: Көп рақмет. Әсіресе еркін бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау бойынша ынтымақтастық туралы пікіріңізді білгім келеді. Мысалы, қазір Орталық Азиядағы тәуелсіз медиаларға қысым күшейіп келеді. Сіз атап өткендей, Азат Еуропа/Азаттық радиосының Қазақ және Тәжік қызметтерінің журналистері аккредитация алуда қиындыққа тап болып жатыр. Қырғыз билігі тәуелсіз ақпарат құралдарын экстремистік ұйым қатарына қосып жатыр. Өзбекстан ақпарат құралдарын қатаң бақылауда ұстайды, ал Түркіменстанда еркін журналистика мұлде жоқ десе болады. Осындай жағдайда бұл өңірде сөз бостандығын қорғаудағы АҚШ-тың рөлін қалай бағалайсыз?
Камлагер-Дав: Қазақстан президентімен кездесуде Азат Еуропа/ Азаттық радиосы туралы да сөз қозғадық, және мен оған журналистердің аккредитациясын қамтамасыз ету бағытында бізбен бірлесіп жұмыс істегені үшін ризашылық білдірдім.
БАҚ еркіндігі және Азат Еуропа/ Азаттық радиосының Орталық Азия елдерінде еркін жұмыс істей алуы мен үшін ерекше маңызды. Бізде жаңалықтарды жариялауда ашықтық пен жауапкершілік болуы қажет. Журналистер өзін қауіпсіз әрі еркін сезініп, шынайы ақпарат тарата алуы тиіс.
АҚШ Орталық Азия елдерімен бірлесе отырып, журналистердің аккредитациясын үздіксіз қамтамасыз етуге ықпал етуге міндетті. Себебі шындыққа көз жеткізу барған сайын қиындап барады. Сондықтан демократиялық елдер мен демократиялық құндылықтарды ұстанатын мемлекеттер шындықты жеткізу жолында қауіп-қатерге қарамай еңбек етіп жүрген журналистердің еркін де адал жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек.
"ӘЙЕЛДЕР МӘСЕЛЕСІ ЖҮРЕГІМЕ ЖАҚЫН"
Азаттық: Саммит қарсаңында бірнеше құқық қорғау ұйымы Ақ үйге үндеу жолдап, C5+1 саммитінің негізгі тақырыптарының бірі ретінде адам құқықтары мәселесін көтеруге шақырды. Сіздің ойыңызша, АҚШ өз экономикалық мүдделері мен қауіпсіздік басымдықтары және аймақтағы демократиялық еркіндіктерді қолдау міндеттемелері арасында тепе-теңдікті қалай сақтай алады?
Камлагер-Дав: Өте жақсы сұрақ. Журналистік адалдық қаншалықты маңызды болса, білім беру және мәдени бағдарламалар да соншалық маңызды. Бұл жайттарды әрі қарай да қолдай беремін, сондай-ақ адам құқықтары мен еңбек құқықтары сияқты мәселелерді көтеруді өз жұмысымның басты бағыты деп білемін. Мені қатты қынжылтатыны — Трамп әкімшілігінің мемлекеттік департаменттің жыл сайынғы адам құқықтары жөніндегі есебінің мәртебесін айтарлықтай төмендеткені. Бұл есеп осы секілді диалогтарды жалғастыру үшін өте маңызды құрал деп есептеймін.
Өзім атап өткендей, әйелдер мәселесі жүрегіме өте жақын. Сол себепті мен қатысқан әр кездесуде Талибан қаупі астындағы ауған әйелдері мен қыздарының тағдыры мәселесін көтердім. Діни еркіндік, еңбек еркіндігі, адам құқықтары мен бостандықтары туралы сөз қозғауды жалғастырып келемін. Бұл мәселелер бойынша ашық сөйлесу, мониторинг жасау және ынтымақтастықты арттыру жолдарын табу — біздің ортақ міндетіміз. Сонда ғана азаматтарымыз өз елінде де, шетелде де еркін жүре алады.
Азаттық: Қазір АҚШ пен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға кедергі келтіріп тұрған қандай да бір тосқауыл бар ма?
Камлагер-Дав: Менің ойымша, ең үлкен тосқауыл — диалогқа деген құлықсыздық, адам мен адамның бір-бірін тануға ұмтылмауы. Себебі адамдар арасындағы байланыс — кез келген екіжақты немесе көпжақты қарым-қатынастың негізі. Бұл саммитке қатысу да мен үшін сол жағынан маңызды болды: себебі олар АҚШ-тан тыс елдерге шынайы қызығушылық танытатын, әріптестікті терең әрі мазмұнды етуге дайын қара нәсілді әйелді көргенін қалаймын.
Біз әлемге есік ашып, жаңа лидерлермен танысып, өзге елдерге сапар шегуіміз керек, мәдени әрі білім беру бағдарламаларын дамытуымыз қажет. Сонда ғана терең әрі тұрақты қарым-қатынас орнатамыз. Мен үшін бұл — бейбітшілікке, өркендеуге және тұрақтылыққа апарар жол.
Азаттық: Сіз аймақтағы ірі ойыншыларды, ірі державаларды атап өттіңіз. Осы тұрғыда Ресей мен Қытай сияқты державалардың ықпалы туралы көзқарасыңыз қандай? АҚШ бұл өңірдегі ықпалы мен беделін күшейту үшін не істеуі керек деп ойлайсыз?
Камлагер-Дав: Сауда мен инвестиция туралы сөйлесуге әрдайым мүмкіндік бар. Орталық Азияның түрлі елдерінде америкалық компаниялардың белсенді жұмыс істеп жатқаны және сауда айналымы миллиардтаған долларға артып отырғаны мені қуантады.
Жасанды интеллект пен цифрлық кеңістікке қызығушылық артып келеді. Бұған қоса энергетика инфрақұрылымы мен жартылай өткізгіштер, сондай-ақ стратегиялық минералдарға қол жеткізу сияқты маңызды салалар бар. Бұрын айтқанымдай, Джексон–Вэник сияқты ескі "мұраны" жою өте маңызды. Сол сияқты сауда мен инвестицияны арттыру, білім беру мен мәдени бағдарламаларды кеңейту мәселелерін де көтеру қажет.
Өзбекстан және Қазақстан президенттерімен сөйлескенімде, олар білім саласына қатысты жеке тәжірибелерін сөз етті. Адам шетелде білім алғанда жаңа әрі ұзақ байланыстар орнайды. Басқа елдерден студенттер біздің оқу орындарымызға келіп, білім алып, маман болып жатқанына қуанамыз. Болашақта ұлттық қауіпсіздік пен өркендеу туралы жан-жақты диалог жүргізуде бұл бізге үлкен артықшылық береді.
Сондықтан мен еркін баспасөзді де, білім мен мәдениет саласындағы бағдарламаларды да қолдаймын.