Accessibility links

Ақордаға журналистің саяси пиары неге керек?


Кейінгі үш жылда үш мемлекеттік арнада бір-біріне ұқсас үш тележоба пайда болды. Үшеуі үш тілде болғанымен, миссиясы бір – Қазақстан президентінің ресми кездесулері мен келіссөздерінен хабар тарату. Жобалардың форматы Ресейдің пропаганда "ноу-хауына" ұқсайды. Этика маманы мұны Ақорда баспасөз қызметінің жұмысына көбірек ұқсатады, ал телеарна басшылары мұны "президент келіссөздері мен Ақорда реформаларын көрерменге жеткізу миссиясы" деп түсіндіреді.

Президент пулында болған 24KZ тілшісі Әділ Балтабаев орыс тілінде "President" арнайы жобасын жүргізсе, оның "Qazaqstan" ұлттық телеарнасындағы әріптесі Ақдариға Мұқаддас қазақ тіліндегі "Ақорда" жобасын үйлестіреді. Жобалардың ағылшын тіліндегі аналогы "Reporter with President" деп аталады және президент әкімшілігіне қарайтын Президент телерадиокешенінің құрамындағы "Жібек жолы" телеарнасында шығады. Үш тілдегі үш жоба президент 2022 жылдан бері эфирге шығады. Аты бөлек болып көрінгенімен, заты бір – ортақ месседж таратады. Ол – президент Тоқаевтың жұмысын көрсету.

"PRESIDENT"

Осы үштіктің біріншісі орыс тілінде 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін "President" атауымен эфирден беріле бастады. Жүргізушісі Әділ Балтабаев әлеуметтік желідегі парақшасында "президент Тоқаевтың жұмысы жайлы айтамын" деп жазып қойған. Балтабаев әдетте президент қатысатын жиындарға ертерек барып, оның отыратын орнын көрсетіп, ішкі протокол тәртібін түсіндіреді.

Жоба эпизодтарына үңілсек, журналист көбіне президенттің жетістіктеріне зер салады. Мысалы, эфирде ол Тоқаевтың шетелге сапарынан қызық детальдар көрсетіп, кездесу нәтижесін сөз етеді. Бірақ келіссөздердегі пікірталас, контр-шешімдер, оның халыққа тиімді не тиімсіз тұстары айтылмайды. Тележоба Ақорда таратқан деректерге, пресс пул қол жеткізе алатын вижуалдарға және ресми мәлімдемелерге негізделеді. Мұны коммуникация ғылымында "ақпараттық субсидия" деп атайды. Баспасөз релизі секілді субсидияланған ақпарат журналистер үшін құнды болары анық. Бірақ ол журналист контенінің негізгі өзегіне айналмауы керек.

Журналист Әділ Балтабаев (24KZ телеарнасынан скриншот)
Журналист Әділ Балтабаев (24KZ телеарнасынан скриншот)

Одан бөлек, жобаға сырттан плюралистік сын кіріктірілмейді. Мысалы, Тоқаев кіммен кездессе, Балтабаев содан пікір алуға, келіссөз барысын сұрауға тырысады, өзекті сұрақтар қоймайды. Тағы бір түсініксіз тұсы – жоба президенттің жұмысы жайлы болғанымен, ешқандай сын қоспай, тек жетістіктеріне тоқталады. Мысалы, бір эпизодта Балтабаев Ердоғанның Тоқаевтың қолын ұстап жетектегеніне назар салып, оны еларалық достастық өлшемі ретінде көрсетеді. Ал екінші бір эпизодта журналист Еуразия экономикалық одағының әлем экономикасындағы беделі күрт өсіп келеді дейді. Одаққа мүше елдің Украинада соғысып жатқанын сөз етпейді, оның санкцияға ұшырауы Қазақстанға қалай әсер етіп жатқанына да тоқталмайды.

Медиа этика маманы, АҚШ-тың Беркли қаласындағы Калифорния университетінде білім алған Ақсәуле Әлжан Қазақстан президентінің жұмысын түсіндіретін аталған жобалар көбіне Ақорданың баспасөз қызметінің мүддесіне негізделген деп санайды.

"Журналистиканың мүддесі не? Журналистика халыққа, қоғамға қызмет етуі керек. Қоғамда қандай мүдде бар, қоғамда қандай сұрақ бар, сол сұрақтарға жауап іздеуі керек. Ал бұл үш бағдарлама қоғамның мүддесінен гөрі Ақорда баспасөз қызметінің мүддесіне көбірек қызмет етіп тұрған сияқты" дейді Әлжан.

Айта кеткен жөн, Ақсәуле Әлжан президент Тоқаев жөнінде хабар тарататын жобалардың тұрақты көрермені емес екенін және сұхбат беру үшін әр жобаның бір-бір шығарылымын қарап, сол негізде ой тоқтатқанын айтты.

Азаттық тілшісі Әділ Балтабаевқа хабарласып, жоба туралы сұрады. Бірақ ол сұхбат беруден бас тартты. 24KZ телеарнасы құрамына кіретін "Хабар" агенттігі Азаттыққа "жобаның мақсаты – президенттің жеке имиджін қалыптастыру емес, мемлекеттік институттардың қызметін сараптай отырып көрсету" деп түсіндірді.

PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев кейінгі жылдары Ақорда жаңа технологияны игеріп, өз жұмысын бейне тұрғысынан қоғамға жеткізіп жатқанын айтады. Бірақ "мазмұн тұрғысынан іліп алар нәрсе азайып бара жатыр" дейді.

"Олар жаңа технологияларды игерген. Оны мойындау керек. Бейне тұрғысынан, картина тұрғысынан мін жоқ. Бірақ мазмұн тұрғысынан іліп алар нәрсе азайып бара жатыр. Енді қашанғы Тоқаевтың дипломат екенін айта береміз?! Оның дипломат болғаны елдегі экономикалық жағдайдың түзелуіне, елдегі ішкі мәселелердің шешілуіне көмектеспесе, оның дипломат болғанынан не қайыр?!" дейді әлеуметтанушы.

PaperLab кейінгі жылдары Қазақстандағы саяси құндылықтар ландшафтын, қазақ билігінің сыртқы саясатын халыққа түсіндіруін бағалайтын зерттеулер жүргізді. Одан бөлек Қазақстан қоғамының Қаңтар оқиғасына көзқарасы мен Ресей-Украина соғысы жайында пікірін зерттеген.

"АҚОРДА"

"Qazaqstan" ұлттық телеарнасындағы "Ақорда" да – қорытынды апталық шығарылым дайындайтын жоба. Оны қазір Ақдариға Мұқаддас есімді журналист жүргізеді. Бірақ жоба басталғаннан биыл қыркүйекке дейін Ақерке Бектас жүргізген.

Жоба апта бойында президент Тоқаевтың кіммен не мақсатта кездескенін, қандай келісімге келгенін және оған дайындық барысын көрсетеді. Ал ресми жиын өтіп жатқан жерден микрофонға сыбырлай сөйлеуі (мысалы, 14 қыркүйектегі эпизод, 13:56) дәл Балтабаев жүргізетін жоба форматына келеді.

"Ақорда" жобасының жұмыс тобы үнемі президентке жақын жерден хабар таратады. Көп журналист кіре алмайтын биліктің жабық жиындарына қатысушылардан пікір ала алады. Журналист шетелдегі іссапарлар барысында президентпен бірге жүргенін жиі айтып, оны мадақтай сөйлейді. Мысалы, Бектас 7 қыркүйекте шыққан эпизодта президент Тоқаевтың Пекинге сапарлап, Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жеке кездескенін "саяси дипломатияда стратегиялық серіктес, одақтас рухындағы байланыс кездесу кезінде анық байқалды" деп сипаттайды.

Журналист Ақерке Бектас (("Қазақстан" телеарнасынан скриншот))
Журналист Ақерке Бектас (("Қазақстан" телеарнасынан скриншот))

Мұны коммуникация ғылымында саяси PR немесе "әлсіз пропаганда" деп атайды. Яғни, ақпаратты жетістіктер шеңберінен шықпайтын қалыпта беру. PR мен демократияның байланысын зерттейтін британдық ғалым Кевин Молони 2015 жылы шыққан мақаласында кейінгі жылдары саяси PR-да журналистердің үлесі көбейгенін жазған.

"Әрине, бұл үш бағдарламада да журналистік элементтер бар. Әсіресе, жақсы жаңалықтар бар. Көп адамның қолы жете бермейтін шенеуніктерден алған сұхбаттары бар. Яғни, жақсы жаңалық элементтері бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ басқа элементтер жағынан көбінесе PR, коммуникация, баспасөз қызметінің хабарлары деп айтуға болады. Яғни бұл тәуелсіз журналистердің бағдарламасы емес. Ақорда баспасөз қызметінің жасаған бағдарламалары үш телеарнада эфирге қойылған деп айтуға болады" дейді медиа этика маманы Ақсәуле Әлжан.

Ақерке Бектас Азаттық қоңырауын көтерді. Хабарласқан Азаттық тілшісі екенін естіп, кейін хабарласатынын айтты. Содан соң WhatsApp арқылы жазып, "жобаға қатысты корпорация жауап берген. Басқа қосарым жоқ" деді. "Qazaqstan" ұлттық арнасы Азаттықтың "жобаны дайындауда журналистің бейтараптық принципі сақтала ма?" деген сауалына "тележобада еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік бағыттағы реформалары, президенттің кездесулері мен келіссөздері көрерменге жеткізіліп отырады" деп жауап берді.

"Имиджді жақсартудың әрқашан бір шектеуі болатынын ескеру керек. Яғни, егер оған шынымен негіз болатындай елдің ішінде нәтиже болмаса, сыртын әдемілеп бояп қою арқылы Тоқаевтың рейтингін арттырамын деу – бос әурешілік. Біздің зерттеулерге сәйкес, қоғамда қазір сыртқы мәселелерге назар аудара бергеннен гөрі ішкі мәселелермен айналысу керек деген ұстаным басым. Жақында ғана бір сауалнама аяқталды. Содан байқағаным – қоғам халықаралық саясаттан шаршаған. Елдің ішіндегі жағдай күннен күнге нашарлап бара жатқаннан кейін "қашан өз мәселемізді шешуге кіріседі" деген сұраныс бар" дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

"REPORTER WITH PRESIDENT"

"Reporter with President" – президент жұмысын насихаттайтын жобалардың кенжесі. Бірақ өзге екеуінен аса айырмасы жоқ. Мұндағы журналистің шараны ұйымдастыру барысын көрсетіп, оқиға сыртынан стендап оқуы, қатысушыларды сөйлетіп, келіссөздер сәтті өткенін тілге тиек етуі жоғарыда айтылған "President" және "Ақорда" жобаларының "ақпаратты қалыптап беру" моделіне дәл келеді. Бір ерекшелігі ағылшын тіліндегі жоба эпизодтары екі аптада, кейде айына бір рет шығады.

Журналист Айнұр Иманғали ("Жібек жолы" телеарнасынан скриншот)
Журналист Айнұр Иманғали ("Жібек жолы" телеарнасынан скриншот)

Жоба жүргізушісі Айнұр Иманғали да президент Тоқаевтың шешімдерін тәуелсіз сарапшылармен егжей-тегжейлі талқыламайды. Президенттің өзіне сұрақ қойған емес.

Ақсәуле Әлжан жобалардағы хабар таратудың біржақты болу сипатына журналистердің ішкі цензурасы да ықпал еткен болуы мүмкін дейді.

"Журналистердің көпшілігінде ішкі цензура бар. Ішкі цензура дегеніміз – осы менің жазғаным, айтқаным, хабар таратқаным билік басындағыларға ұнай ма, ұнамай ма, ұнамайтын болса, мен оны алдын ала айтпай-ақ қояйын, басыма бәле шақырмай-ақ қояйын деген принциппен жазылады. [Бұл жобаларда] осындай ішкі цензура болуы мүмкін. Мен оны жоққа шығармаймын. Шын мәнінде де, бұл бағдарламаларға Ақорданың баспасөз қызметінің түк қатысы жоқ шығар. Бірақ мен оған көп сене қоймаймын. Неліктен? Бұл жерде сұрақтың екінші аспектісі келеді. Тек бір бағдарламасын көргенімнің өзінде байқағаным, бұл журналистерде орысша айтқанда "доступ к телу" (мемлекет басшыларымен тікелей жүздесу мүмкіндігі – ред.) бар. Өзімнің және басқа әріптестерімнің тәжірибесі бойынша айтсам, егер журналист шынымен тәуелсіз, өз шығармашылық еркіндігі бар адам болса, [президентке] ондай қатты жақындауға мүмкіндік берілмейді. Мүмкіндік берілгеніне қарап бұл – "баспасөз қызметінің бағдарламалары" деген ойға келдім" дейді ол.

"Reporter with President" жобасы былтыр наурыздан бері шығады. Бүгінге дейін 51 эпизоды жарық көрген. Айнұр Иманғали жұмысы тығыз екенін айтып, шағын сұхбатқа келіспеді. Президент телерадиокешеніне Азаттық 12 сұрақ жолдады. Телерадиокешен директорының орынбасары Асқар Жалдинов әр сұраққа бір сөз не бір сөйлеммен ғана жауап берген. Мысалы, ол "Хабарда журналистің бейтараптың принципі сақтала ма?" деген сауалға "Әлбетте", ал "Жоба президенттің имиджін көтеруді мақсат ете ме?" деген сұраққа "Әрине" деп қысқа жауап қайырған. Журналист президентке неге сауал қоймайтынын да ашып түсіндірмеген.

РЕСЕЙ "НОУ-ХАУЫ"

Қазақстандық телеарналардағы пропаганда элементтері бар бұл жобалардың құрылымы Ресейдегі мемлекеттік "Россия 1" телеарнасында 2018 жылдан бері шығатын "Москва.Кремль.Путин" атты бағдарлама форматына ұқсайды. Оның жүргізушісі Павел Зарубин – Ресей президенті Владимир Путиннің басты насихатшысы. Кейінгі жеті жылдан бері Кремль басшысының қасында жүріп, хабар таратып келеді. Қазақстандық жобалардан басты айырмашылығы – Зарубин Путиннен жиі пікір алады.

Зарубин репортаждарында Путинге симпатиясын жасырмайды. Мұндай қатынас Әділ Балтабаевта да байқалады. Ол "President" жобасы басталмай тұрғанда 2022 жылы шілдеде журналист Әлия Әшімге берген сұхбатында Тоқаевқа көзқарасы оң екенін, оған үміт артатынын айтқан.

Сұхбаттарында Зарубин жұмысын еркін атқаратынын жиі айтады. Тәуелсіз журналистер Зарубинді "күмән келтірмейтін, бұйрықты бұлжытпай орындайтын пропагандист" санайды. Ал Кремльдің баспасөз хатшысының Дмитрий Песков BBC арнасына берген пікірінде "Москва. Кремль. Путин" жобасы "ВГТРК басшылығының және Зарубиннің ойы әрі ноу-хауы болды. Әзірлеу барысында осы формат ерекше болып шықты. Қазір бұл форматты бірқатар ел көшіріп жатыр" деген.

Песков көшіріп жатыр деп қай елді меңзегені белгісіз. Бірақ жоғарыда айтылған қазақстандық жобалардағы журналистердің кездесу өтіп жатқанда дауысын бәсеңдетіп стендап жасауы, репортаждарында президенттің жетістіктеріне назар салуы дәл осы Зарубин форматына ұқсайды. Мұндай ұқсастықтар қырғыздардың "Ала-Тоо24" телеарнасында шығатын "President Japarov" арнайы жобасында да бар.

Үш жоба, бір месседж: Ақордаға журналистің «әлсіз пропагандасы» неге керек?
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:04 0:00

Халықаралық журналистика стандарттары журналистің өзі хабар тарататын билік институттарынан сый-сыяпат алмауы керек дейді. Айнұр Иманғали президенттен алғыс хат алса, Ақерке Бектас пен Әділ Балтабаев президент грантын иемденген. Балтабаев оған қоса биыл президенттен сыйға пәтер алған. Осыған қатысты "Хабар" агенттігі мен президент телерадиокешені Азаттыққа "бұл мүдделер қайшылығын тудырмайды, редакция жұмысына ықпал етпейді" деп жауап берді. Ал ұлттық арна "президенттің жүлделерін тағайындау корпорацияның құзыретіне жатпайды" деп қысқа қайырды.

XS
SM
MD
LG