НАТО елдері оқ-дәрі шығару жағынан ұзақ жылдардан бері алғаш рет Ресейді қуып жетті. Бейсенбі күні Бухарестегі форум кезінде НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте осылай деп мәлімдеді.
"Бұған дейін Ресей НАТО елдерінің бәрін қосқанда шығаратын жабдықтан көп [қару] шығарып келген. Алайда қазір жағдай өзгерді" деді Рютте.
Оның сөзінше, қазір солтүстікатлантикалық одақ аясында ондаған өндіріс линиялары ашылып, бұған дейінгі бар өндіріс ауқымы кеңейіп жатыр.
Өндіріс ауқымын кеңейту қажеттілігін Марк Рютте "шынайы ұзақмерзімдік қатермен" байланыстырды. Ол Украинадағы соғыс тоқтаса да Мәскеуден төнетін қатер сейілмейді деді.
"Алдағы уақытта Ресей Еуропа мен әлемді тұрақсыздандырушы күш ретінде қала бермек. Және Ресей әлемдік ережеге нұқсан келтіру талпынысында жалғыз емес: ол Қытай, Солтүстік Корея, Иран және өзгелермен әріптестік орнатады" деді НАТО-ның бас хатшысы.
Ол сонымен бірге аталған елдер әскери-өнеркәсіптік салаға қатты мән беріп жатқанын да айтты.
Рюттенің айтуынша, егер қорғаныс секторы тасымалдауды арттырып, жаңа өндіріс ашса, НАТО басшылығы инновацияны қолдап, сатып алу мүмкіндігін жеделдету үшін қолдан келгеннің бәрін істейді.
- Ресей президенті Владимир Путин қазан айында Валдай форумындағы сөзінде "Еуропада милитаризация процесінің қарқын алғанын" айтқан. Сол кезде Путин қатер төнген жағдайда Мәскеу тиісінше жауап береді деп сес көрсеткен.